Челахқа үкім шығырған судья қызметінен кетті

Бүгін, 14:09 / Қайсар Қалам
Сурет: askeri.sud.kz

Ербол Ахметжанов бұдан былай Жамбыл облыстық сотын басқармайды. Жоғарғы сот кеңесі Жоғарғы сот төрағасының кадрлық өзгерістер туралы ұсынысын қарады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Отырыс қорытындысы бойынша, кеңес Ербол Ахметжановты Жамбыл облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы лауазымынан босатты.

Ахметжанов Жамбыл облыстық сотын 2020 жылғы 27 ақпаннан бері басқарып келген. Оған дейін ол Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы, кейін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың судьясы және төрағасы болып жұмыс істеген. Одан кейін ҚР Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі алқасын басқарған.

Жұртшылық Ахметжановты Владислав Челахтың ісі бойынша жақсы таниды. 2012 жылғы желтоқсанда Талдықорғанда ол Челахты «Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, оған ерекше режимдегі колонияда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кескен болатын.

Өткен жылы Ербол Ахметжановтың мерейтойына жергілікті шенеуніктердің «Бақсарай» мейрамханасына қызметтік көліктерімен келгені туралы ақпарат тараған еді. Ғимарат маңында басқа ведомстволарға тиесілі «945» және «008» мемлекеттік нөмірлі автокөліктер байқалған болатын.

Дереккөздердің мәліметінше, Жамбыл облыстық сотының төрағасы болып Ерлан Қосмұратов тағайындалуы мүмкін. Қазіргі уақытта ол Жоғарғы соттың судьясы қызметін атқарады.

Тэгтер:

Челах судья Ербол Ахметжанов