Астанада интернет-алаяқтықпен айналысқан әйел 6 жылға сотталды. Елорда прокуратурасы ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы бірнеше мәрте қылмыс жасаған тұрғынға қатысты мемлекеттік айыптауды сәтті қорғап шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кінәлі тұлға Instagram желісінде халықты қызықтыратын жалған жарнамалар таратқан. Ол тиімді инвестиция, арзан туристік жолдамалар және шетелде жұмысқа орналастыру секілді уәделермен азаматтардың сеніміне кірген. Алайда, ақшаны алғаннан кейін ешқандай міндеттемесін орындамай, қаражатты өз қажетіне жаратқан.
Алаяқтың құрығына 10 адам түсіп, келтірілген шығын көлемі 7,7 млн теңгеден асып жығылды.
Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеп, оны қоғамнан оқшаулау қажеттігін негіздеді. Нәтижесінде сот үкімімен алаяқ әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы талап арыздары толық қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.
Астана қаласының прокуратурасы тұрғындарды интернеттегі күмәнді ұсыныстарға, жеңіл табыс пен тым арзан қызметтерге сенбеуге шақырады. Әлеуметтік желі арқылы келісімшарт жасамас бұрын тұлғаларды мұқият тексеріп, күдікті жағдайларда бірден полицияға хабарласу қажеттігін ескертеді.