Жеті триллионның жыры: сарапшы ірі қаржы ағынының тәуекелін түсіндірді

Бүгін, 15:08 / Камила Дүйсен
Facebook/Rassul Rysmambetov

Президенттің 7 трлн теңгеге жуық трансшекаралық қаржы операциялары туралы мәлімдемесі қоғамда үлкен талқыға түскен. Қаржыгер Расул Рысмамбетов бұл соманың ауқымы өз алдына жеке талдауды қажет ететінін айтады.

Оның сөзінше, Қазақстанда мұндай көлемдегі қаржыны бір жылда айналдыра алатын банктер бар, бірақ олардың саны көп емес.

«Бір жылда 7 трлн теңгені өткізе алатын 5-7 банк бар. Тағы кейбірі мұндай операцияларды брокерлік арналар арқылы жүргізуі мүмкін», – дейді ол.

Қаржыгер Қазақстан экономикасы ашық екенін, ал теңге бағамы еркін құбылатынын еске салды. Сондықтан ірі қаржы ағындары ішкі валюта нарығына міндетті түрде әсер етеді. Ол Ресейге қарсы санкциялар енгізілген кезде рубль әлсіреп, артынан теңгенің де құбылғанын мысалға келтірді. Сол кезде Ресей компанияларының еншілес ұйымдары биржаға шығып, доллар сатып ала бастаған.

Р. Рысмамбетовтің айтуынша, қазіргі жағдайда шетел валютасына сұраныс бірнеше арна арқылы қалыптасады. Соның бірі – сыртқы сауда операциялары.

«Санкциялардан кейін әлемдік қаржы жүйесі бөлшектенді. Есеп айырысу бірнеше кезеңмен жүруі мүмкін: рубль жиналады, кейін ол теңгеге айырбасталады, одан соң теңге доллар немесе басқа резервтік валютаға ауыстырылып, сыртқа кетеді. Әр операция заңды болуы мүмкін, бірақ бәрін қосқанда ел ішінде долларға қосымша сұраныс пайда болады», – дейді экономист.

Сарапшы сондай-ақ пайыз айырмасынан пайда табуға негізделген «carry trade» стратегиясына тоқталды. Оның айтуынша, елдегі пайыздық мөлшерлеме жоғары болса, шетелдік инвесторларды қызығушылығы артады.

«Инвесторлар долларын әкеліп, теңгеге айырбастайды, мемлекеттік бағалы қағаздарға салады, пайдасын алады да, кейін қайтадан долларға ауыстырып, елдеріне қайтарады. Бұл – заңды нарықтық стратегия. Бірақ кей жағдайда ол валюта айырбастаумен ұштасып, ақша уақытша осында тұрақтап, кейін сыртқа кетуі мүмкін», – дейді ол.

Экономист мұндай операциялардың өзі заң бұзушылық емес екенін атап өтті. Дегенмен көлемі триллион теңгеге жететін қаржы ағындары доллар сұранысына, теңге бағамына және банктердегі өтімділік құрылымына әсер етуі ықтимал. Оның пікірінше, мұндай ағымдарды шектеу оңай емес, ал қаржы нарығы саяси араласуды құп көрмейді.

«Капитал қозғалысы – ашық экономика үшін қалыпты құбылыс. Мәселе оның көлемінде, жылдамдығында және құрылымында. Қазір бастысы – ашық статистика, шетелдік қатысушылардың позициясын бақылау және жүйелік тәуекелдерді қадағалау», – деп түйіндеді Расул Рысмамбетов.

 

Тэгтер:

қаржы валюта 7 трлн теңге риск