Алматыда жасөспірімнің жамбас-сан буыны толық ауыстырылды

25 ақпан, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: Әкімдік

Алматыда алғаш рет кәмелетке толмаған науқасқа жамбас-сан буынын толық алмастыру отасы жүргізілді. Ота Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жасалды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Науқас 13 жасында жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алған. Көпжылдық емдеу шараларына қарамастан, буын қызметін толық қалпына келтіру мүмкін болмаған: сан сүйегі басының асептикалық некрозы дамып, тірек-қимыл жүйесінің деформациясы мен тұрақты ауырсыну қаупі туындаған. Қыз бала тек біреудің көмегімен қозғалып, оң аяғынан ақсап жүрген.

2026 жылы 7 ақпанда дәрігерлер жамбас-сан буынын толық эндопротездеу туралы шешім қабылдады, өзге балама болмаған. 100 минутқа созылған ота сәтті өтті. Ота алдында дәрігерлер консилиум өткізіп, өзге клиникалардағы әріптестердің тәжірибесін зерделеді.

Екі аптаға созылған бастапқы оңалтудан кейін науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарды: аяғы теңестіріліп, өздігінен жүру қабілеті қалпына келді. Қазіргі уақытта қыз бала үй жағдайында оңалту емін жалғастыруда.

Тэгтер:

алматы медицина от