ҰҚК «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның бұрынғы басшысының ұсталуына қатысты түсінік берді

Бүгін, 10:33 / Қайсар Қалам
сурет: ҰҚК

ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі прокуратураның үйлестіруімен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен Қаржы министрлігінің «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Дәулет Бақбергенді ұстағандарын растады, деп хабарлайды Arasha.kz.
 
Тергеу материалдарына сәйкес, ол жекеменшік иесіне қорға аударылуға тиіс кепіл мүлкін сатудан түскен ақша қаражатын ұстап қалу құқығын заңсыз беріп, мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келтірген. 
 
Бұдан бөлек, ол мемлекеттік мүлікті төмендетілген құнмен сатқан, осының салдарынан бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспей қалған. 

«Сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатып, қорға 800 млн теңге көлемінде залал келтірген борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары ұсталды. Соттың санкциясымен олар Қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынып, мүлікке тыйым салынды», - делінген хабарламада. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 

Тэгтер:

ҰҚК Проблемалық кредиттер қоры Дәулет Бақберген