Бүгінгі Мәжіліс отырысында депутаттар «ескі Қазақстан» саясаткерлерінің атышулы миллиардер Джеффри Эпштейнмен байланысын тексеруді талап етті, деп хабарлайды Arasha.kz.
ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжановтың Бас прокурор Берік Асыловқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа «Эпштейн файлдарында» есімдері аталған Қазақстан азаматтарына қатысты депутаттық сауал жолдады.
«Әлемде Джеффри Эпштейннің құпия құжаттары төңірегінде дау-жанжалдар ұшығып тұр. Демократиялық жетекші елдер бұл іске қатысы бар тұлғаларға қатысты Парламенттік тергеулерді жүргізіп жатыр. ЖСДП фракциясы бұл мәселеде үнсіз қалуды жөн санамайды. Бұл құпия құжаттарды «ескі Қазақстан» саясаткерлерінің есімдері де аталып жатыр. Мәселен, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы, қазір түрмеде отырған Кәрім Мәсімовтың есімі бұл құжатта сегіз рет аталады. Жазбадан Эпштейн мен Мәсімовтың жақсы таныс болғаны көрінеді. Осы тұста Қазақстанның жоғары лауазымды шенеунігіне Эпштейнмен сөйлесу не үшін қажет болды және кездесулері қай елде өтті, әлде айтылып жүрген аралда болды ма? Сондай-ақ Эпштейн мен Қайрат Келімбетовтың Нью-Йоркте демалғаны айтылады. Еске салайын, бұрын Келімбетов премьер-министрдің орынбасары және Ұлттық банкті басқарған болатын. Тағы да Келімбетовке ол кездесулер не үшін қажет болды деген сауал туындайды. Сондай-ақ басқа да тұлғалардың онымен кездескені туралы айтылады. Оның ішінде мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты жоғары шенді генарал да бар. Оған қоса Эпштейн Қазақстанға бірнеше рет келгені айтылады.
Депутат сондай-ақ Эпштейнмен кездескен адамдар елдің құпия мәліметтерін бопса арқылы өзгелерге беріп отырды ма деген күдігін жасырмады. Еліміздің тағдыры кімдердің қолында болды, деп алаңдаушылық білдірген депутат құқық қорғау органдары бұл мәселе бойынша тыңғылықты тергеу жүргізу керек деп санайды.