Президент Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты мемлекеттік наградамен марапаттады

Бүгін, 15:47 / Ахмет Қанатұлы
Ақорда

Ақордада XXV Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградтады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сонымен қатар спортшының бапкері әрі жаттықтырушы-кеңесшісі Алексей Урманов ІІ дәрежелі «Достық» орденіне ие болды. Ал «Құрмет» ордені Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа және Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.

Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы бұл Олимпиаданың Қазақстан үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Отандасымыз Михаил Шайдоров тамаша өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, көк Туымызды Олимп шыңына көтерді. Сондықтан Михаилға алғысымды білдіріп, құттықтағым келеді. Ең алдымен оның әкесі мен бапкеріне ризашылығымды айтамын. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында Михаил бүкіл әлемге танылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Михаил Шайдоров бұл марапаттың өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтып, Президентке және барша қазақстандықтарға алғыс білдірді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл кездесуге Олимпиада чемпионы ретінде қатысу – мен үшін зор абырой. Алтын медаль – тек менің емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және маған сенім артқан барша қазақстандықтың жеңісі. Бұл – табандылық пен еңбек нәтижесі. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін, алда әлі үлкен мақсаттар тұр. Елімнің сенімін ақтап, халқымның мерейін үстем етуге бар күшімді саламын», – деді чемпион.