Петропавл қаласының 52 жастағы тұрғынының өмірінің соңғы күні ескі танысына барудан басталды. Оның үйінде екеуінің арасында жанжал шығып, қайғылы жағдаймен аяқталды, әйел ер адамды теледидар пультімен ұрып өлтірген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жеке үйдің 58 жастағы иесі қонақты өз үйінде қабылдаған. Алдын ала мәлімет бойынша, таңертең бірге алкоголь ішкеннен кейін олардың арасында ұрыс басталған. Нақтыланғандай, ер адам бірінші болып қол жұмсай бастаған, содан кейін әйел оның басынан пультпен бірнеше рет ұрған, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.
Оқиға 7 ақпанда болған. Тек келесі күні зардап шегуші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күресті, бірақ мидың ауыр зақымдануына байланысты ер адамды құтқару мүмкін болмады.
— Петропавл қаласының 52 жастағы тұрғынының өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті ретінде 58 жастағы әйел ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторында отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде, — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.