Алматыда құрылыс компаниясының жұмысшылары жалақысыз қалды

Бүгін, 10:45 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Алматыда жүзден аса құрылысшы маңдай тер ақысын даулап жүр. Мердігер компания алты айдан бері олардың атқарған қызметіне ақы төлемеген дейді. Арада келісімшарт бар. Бүгінге дейін құрғақ уәдеге сеніп келген жұмысшылар енді сол құжат бойынша құзырлы органдарға арызданбақ, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Адал еңбегіміздің ақысын алмадық» деген қызметкерлер Қонаев атындағы үлкен Алматы каналының құрылысын істеген. Бірақ еңбегі бағаланбай, алты айдан бері бір тиын ала алмаған. Мердігерлер құрғақ уәдеге бүгінге дейін тойдырып келген. Шыдамы таусылған жұмысшылар кімнен көмек сұрайтынын білмей, әділдік іздейді, деп мәлімдеді КТК телеарнасы. 

Жалақысын даулап жүргендердің саны жүзден асады. Арасында еліміздің өзге өңірінен келген азаматтар да бар. Бәрінің қолында істеген ісін дәлелдейтін қағаздары тұр. "СТ Сервис" деп аталатын компания әрқайсысына екі миллион мен жеті миллион теңгедей қарыз. 

«Жалақы жоқ. Нөл. «Бесінші күні кел», «екінші күні кел» дейді. Екінші күні барасың, бесінші күні болады дейді. Құрғақ уәде бере береді. Мына жерде жігіттер бар, жеті-сегіз баласы бар. Олар қалай болып жатыр?! Ең болмаса, айына бөліп болсын беріп тұрғанда, құтылатын еді. Ондай да жоқ», - дейді құрылысшы Сәкен Жәнібеков. 

Еңбек инспекциясы бұл түйіткүлден бейхабар. Құзырлы мекеме алдағы уақытта компанияға тексеріс жүргізіп, мәселенің мән-жайын анықтамақ. Ал әзірге жұмыс берушілер алдағы наурыз айының аяғына дейін шығынды толық өтейміз деп уәде етіпті.

«Бұл жұмыскерлерге біздің департаментке арыз-шағым түсіруге кеңес берілді. Арыз-шағым түскен күннен бастап, біз біз тексеру жүргізіп, заң бұзылғаны анықталған жағдайда тиісті шара қолданылады. Сонымен қатар жұмыс берушімен сөйлескенімізде, ол кісіәлер наурыз айының 20-на дейін еңбекақы қарызын толық төлеп береміз деп уәде берді», - дейді Алматы қаласы еңбек инспекцясы департаментінің бөлім басшысы Алмат Қалдыбаев. 

Жұмысшылардың бұл ұсынысқа келіспеуден басқа амалы жоқ. Ал төлемге келгенде сараңдық танытқан "СТ Сервис" компаниясының кемшілігі дәлелденсе, онда айыппұл салынады.

Тэгтер:

алматы жалақы жұмысшы мердігер