Ұлыбритания аумағында дрон шығаруға мамандандырылған Украинаның «Ukrspecsystems» компаниясының өндірістік кешені ашылды. Бұл туралы Украинаның Біріккен Корольдіктегі елшісі Валерий Залужный мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Украина Қарулы Күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың айтуынша, зауыттың инженерлік орталығы Украинада қалады, ал өндірістік желілер Ұлыбританияға көшіріледі. Бұл қадам өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз ететін «екінші тұрақтылық контурын» құру үшін жасалған. Украинадағы зауыттар үнемі зымыран соққылары мен инфрақұрылымның бұзылу қаупінде болғандықтан, шетелде өндіріс ашу стратегиялық тұрғыдан тиімді.
Бұл жоба екі тарапқа да пайда әкелмек:
Украина үшін өндірістің тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Ұлыбритания үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, нақты ұрыс даласында тексерілген озық технологияларға қолжетімділік арқылы елдің қорғаныс индустриясы күшейеді.
Залужный бұл серіктестікті «ортақ қауіпсіздіктің өнеркәсіптік базасын қалыптастыру» деп атап өтті. Оның айтуынша, «Ukrspecsystems» компаниясының соққы беруші дрондары жоғары технологиялық соғыс жағдайында өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген.