Қоғам белсендісі Оразалы Ержановтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл туралы журналист әрі редактор Ирина Петрушова өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның мәліметінше, бұрынғы банкир әрі қоғам қайраткерін Қазақстан Конституциясының жаңа жобасы туралы өткір жазбаларынан кейін полиция алып кеткен.
«Оның парақшасындағы соңғы жазба 8 ақпанда жарияланған. Содан кейінгі жазбалардың бәрі өшірілген сияқты. Гүлжан Ерғалиева Оразалы Ержановтың жұбайына сілтеме жасап, оны түнде алып кеткенін, үйінде тінту болғанын жазады. 10 тәулікке сотталған. Әзірге себебі белгісіз. Оразалы Ержанов — билікті сынаудан қорықпайтын және нәрселерді өз атымен атайтын санаулы адамдардың бірі», - деп жазады Петрушова.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл жайтқа қатысты түсінік берді.
«Әлеуметтік желілерде шет елдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірлерін пайдалана отырып, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды, референдумға бойкот жариялау туралы үндеулерді және азаматтарды адастыратын басқа да мәліметтерді қамтитын жарияланымдар анықталды», - делінген ПД хабарламасында.
Хабарламадан белгілі болғандай, «сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі жасау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті Алматы тұрғыны ұсталды, деп түсіндірді полициядағылар.
Полиция департаментінің өкілдері азаматтардың өз пікірі мен ұстанымын білдіруі заңды бұзбайтынына сендіреді.
«Жауапкершілік тек көрінеу жалған ақпарат тарату және фактілерді бұрмалау, оның ішінде азаматтарды адастыруға және қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттер, азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруына немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіру үшін қарастырылған», - делінген хабарламада.