Жамалбек Еркінбекұлына қатысты іске АФМ берген ресми жауабы

Бүгін, 20:29 / Arasha.kz
Фото: ашық дереккөзден алынды

Бұқаралық ақпарат құралдарынан келіп түскен сұрауларға байланысты хабарлаймыз:

Алматы қаласы бойынша АФМ департаменті Жамалбек Бақдәулет Еркінбекұлына қатысты аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын — каннабис сығындысын заңсыз иемдену және сақтау фактісі бойынша тергеу жүргізуде.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылғы тамыз айында күдікті интернет-ресурстар арқылы шет мемлекет аумағында есірткі құралдарын өткізумен айналысатын тұлғалармен байланыс орнатқан. Аталған заттар Тайланд Корольдігінен халықаралық пошта жөнелтілімі арқылы жіберілген.

Өзінің қатыстылығын жасыру мақсатында ол кәсіпкерлік қызмет шеңберінде бұрын алынған үшінші тұлғалардың дербес деректерін пайдаланған.

2025 жылғы қыркүйек айында күдікті «Қазпошта» АҚ арқылы курьерлік жеткізуді рәсімдеп, пошта жөнелтілімін алуға әрекет жасаған, алайда Алматы қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінің жанында жөнелтілімді алу кезінде Департамент қызметкерлері тарапынан ұсталды.

Оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Тергеу жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Тэгтер:

тергеу АФМ