Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасында болған өрттен тағы бір адам 16 жасар қыз бала көз жұмды. Ол жарылыстың жетінші құрбаны болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өрт сөндірілді, бірақ оқиға орнында әлі де полицейлер мен өртсөндірушілер кезекшілік етуде. Дәмхана ғимараты толығымен жанып кеткен. Көшеге өртенген жиһаздар мен тіпті ішіліп бітпеген тамақтар шығарылды. Дәмхана бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған, абырой болғанда, үй зардап шеккен жоқ.
Зардап шеккен 13 адам Бурабай аудандық ауруханасында жатыр. Алты адам амбулаторлық бақылауға жіберілді.
«Щучинск қаласының стационарына түрлі дәрежедегі күйік шалған 13 пациент түсті. Қазіргі уақытта алты пациент Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханаға ауыстыруға дайындалып жатыр. Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан медициналық кадрлар тартылды, қосымша үш анестезиолог-реаниматологтар бригадасы келді. Қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті. Пациенттердің жағдайын тұрақтандыру үшін барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», — деп хабарлады Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова.
Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеуде. Оқиғаның себептері анықталып жатыр. Ақмола облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетуге уәде берді.