Ресей Мемлекеттік Думасы екінші және үшінші оқылымда Ресей армиясының қатарында қызмет еткен немесе қызмет етіп жатқан шетелдіктерді шетелге беруге (экстрадициялауға) тыйым салатын заңды қабылдады.
Жаңа құжат РФ Қылмыстық іс жүргізу кодексінде бекітілген қылмыстық қудалау немесе үкімді орындау үшін экстрадициялаудан бас тартуға негіз болатын жағдайлардың тізімін кеңейтеді, деп хабарлайды Arasha.kz сайты The Insider басылымына сілтеме жасап.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексі жаңа тармақпен толықтырылды: егер экстрадициялау туралы сұраныс Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінде немесе өзге де әскери құрылымдарында келісімшарт бойынша әскери қызметін өтеп жатқан немесе өтеген, сондай-ақ Ресей Қарулы Күштері құрамында ұрыс қимылдарына қатысқан шетел азаматына немесе азаматтығы жоқ адамға қатысты түссе, оны беруден бас тартылады», — деп хабарлады Мемлекеттік Дума.
Әділет министрінің орынбасары Елена Ардабьева түсіндіргендей, бұл жаңашылдық басқа елдердің өз азаматтарын Ресей Қарулы Күштеріне жүктелген тапсырмаларды орындағаны үшін «негізсіз қылмыстық қудалау» қаупімен байланысты. «Мұндай жағдайлар бар, біз олар туралы білеміз», - деп атап өтті шенеунік. Бұған дейін Ресей жағында соғысқа қатысып, үйіне оралған кейбір шетелдіктерге «жалдамалылық» (наемничество) бабы бойынша айып тағылған болатын.
Сонымен қатар, қаңтар айында Мемлекеттік Дума бірінші оқылымда осыған ұқсас тағы бір заң жобасын қабылдады. Ол Ресей армиясында келісімшарт бойынша қызмет еткен шетелдіктерді елден депортациялауға немесе олардың Ресейде уақытша болу мерзімін қысқартуға тыйым салады.