"Бес баласын бауырына алса екен..." – Атыраудағы трагедияға қатысты марқұмның туысы сұхбат берді (ВИДЕО)

Бүгін, 10:41 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Атырауда болған қайғылы оқиғаға байланысты кісі қолынан қаза тапқан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның жақындары күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев ұсталғаннан кейін алғаш рет БАҚ-қа сұхбат берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Марқұмдардың туыстарының жанайқайын тележурналист Жанат Жақсыбайқызы әлеуметтік желіде жариялаған. Қайғыға батқан отбасы мүшелері өздерінің ауыр күйін, сарқылған үмітін және әлі де жүректерінде қалған соңғы сенімдерін жасырмай жеткізді.

"Күдікті бәрін мойнына алса екен дейміз. Ақбаянды күдікті деп ойламаймыз. Аман-есен елге оралып, дәрігерлерден емін алып, бес баласын бауырына алса екен дейміз. Қанша дегенмен балаға ана керек қой", – деді марқұмның туысы.

Еске сала кетейік, Атырау облысындағы қос кісі өлтіру дерегі бойынша күдікті Индонезия Республикасында ұсталған. ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлескен операция барысында Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамды қолға түсірген.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы