Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сахна тілі кафедрасының оқытушысы Сәбит Әбдіхалықовтың «Күл астындағы көз» романының тұсаукесері өтті. Бұл – автордың тұңғыш прозалық туындысы, деп хабарлайды Arasha.kz.
Роман Екінші дүниежүзілік соғыс туралы. Автор алапат соғыс жылдарында жетім қалған неміс баласының тағдырын арқау етеді. Ата-анасынан айырылған баланы асырап алған жауынгер Игібайдың жауынгерлік қана емес, ізгілікке толы өмір жолы суреттеледі. Тарихи-психологиялық роман «AR» баспасынан жарық көрген.
«Романның бас кейіпкері Игібай Ноқабаев – менің әкем. Ол – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Кёнигсберг қаласынан жетім қалған 6–7 жас шамасындағы Ганс Гельштайн есімді баланы өзімен бірге ауылға алып келген. Қазақша аты – Олжабек. Ол бізге аға болды. Мен әскерге кеткенде, баянмен ән салып шығарып салған. Қазақша, түрікше, ұйғырша, орысша сөйлейтін. Туғанымыздай болып кетті. Әкем соғыстан тек жеңіспен ғана емес, бізге бауыр алып келді. Қазақстанда үйленіп, балалы-шағалы болды. Кейін туыстары табылып, 60-жылдары Батыс Германияға көшті. Сексенінші жылдардың соңына қарай жеңгемізбен бірге келіп кетті. Әкемнің өмірі романға айналғанына қуаныштымын», – деді кешке арнайы келген Сәтжан Игібайұлы.
Сондай-ақ кеште С. Әбдіхалықовтың Театр өнері факультетінің 2-курс студенттері «Күл астындағы көз» романынан сахналық қойылым ұсынды.
«Бірден айтайын, осы уақытқа дейін қаншама кітап оқыдым. Бірақ төл әдебиетімізде мұндай шығарма оқыған емеспін. “Балалар ешқашан соғысты көрмеуі тиіс” – “Күл астындағы көз” романының эпиграфы. Соғыс ойраны әкелген алапат зұлмат үйінді күлдің арасында жападан жалғыз қалған кішкентай неміс баласының тағдыры арқылы беріледі. Автор таңдаған күрделі көркемдік әдіс – ой ағыны: кейіпкердің ғұмыры өз сөзімен баяндалады. Біз Сәбитті продюсер, актер, киногер ретінде білеміз. Енді қаламгер ретінде танып отырмыз. Бұл романды міндетті түрде оқыңыздар», – деді әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова.
Кітаптың бас редакторы, ақын Ержан Алаштуғанның айтуынша, роман қазір орыс тіліне аударылып біткен. Жуырда басылып шығады. Сондай-ақ «Күл астындағы көзді» түрік және неміс тілдеріне аудару жоспарда бар.
«Мен әріптесім Сәбит Әбдіхалықовтың романын бір деммен оқып шықтым. Жатық жазылған. Бұл тек соғыс туралы шығарма емес, адамгершілік пен мейірім туралы роман. Адамзат баласы жаратылғалы бері әлі күнге дейін соғысып келеді. Бәріміздің бойымызда соғыстан қалған үрей бар. Қазір де айналамыздағы елдер соғысып жатыр. Қаншама жазықсыз жандар күн сайын дүниеден өтіп жатыр. Соғыстың құрбандары көбіне қарттар, әйелдер мен балалар. Осындай мазасыз кезеңде адамдықты үндейтін мұндай роман оқырманға керек деп ойлаймын», – деді Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда.
Шараға академияның оқытушылары, студенттері және ақын-жазушылар қатысты.