Эпштейн Манхэттенде қаза тапқан қазақстандық топ-модельдің өліміне не себеп болғанын талқылаған

Бүгін, 11:50 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Джеффри Эпштейннің ісіне қатысты жарияланған жаңа материалдардан журналистер қазақстандық топ-модель Руслана Коршунованың өліміне қатысты тың деректер тапты, деп хабарлайды Arasha.kz сайты РИА Новости-ге сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, Эпштейн өз сыбайластарымен Руслана Коршунованың өміріндегі 2008 жылы Манхэттенде орын алған қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін мән-жайларды талқылаған.

Айта кетейік, Руслана Коршунова  қазақстандық модель, ұзын шашы үшін оны «орыс Рапунцелі» деп атап кеткен. Коршунованың мансабы 2008 жылы шырқау шегіне жетіп, ол батыстың жетекші брендтерінің жарнамалық науқандарына қатысқан болатын.

2008 жылдың жазында, 21 жасқа толуына төрт күн қалғанда, Коршунова Манхэттендегі пәтерінің тоғызыншы қабатындағы терезеден құлап кетті. Оның өліміне қатысты түрлі болжамдар айтылғанымен, ешкімге ресми айып тағылған жоқ. Батыс БАҚ-тары Коршунованың 18 жасында «Эпштейн аралына» барғанын жазған еді.

Жарияланған файлдарға сәйкес, Эпштейннің құжаттарында Коршунованың есімі алғаш рет 2009 жылдың желтоқсанында пайда болған. Оның сыбайласы Рамси Элкхоли қаржыгерге бірнеше модельмен, соның ішінде Регина есімді қызбен кездесуді ұсынады. Элкхоли Регинаның жігіті бар екенін, оның кездесуге бірге келуі мүмкін екенін айтып, мұндай кездесудің қажеті бар-жоғын ойлануды сұрайды.

«Регинаның жігіті  Руслананың (Коршунованың) бұрынғы жігіті. Мен онымен Руслана қайтыс болғанда таныстым, ол әрдайым қасында болды, полицияға барды, көмек ұсынды, анасын жұбатты», - деп жазған Элкхоли.

Келесі жолы Элкхоли бұл жігіт туралы жағымсыз пікір білдіреді. 2011 жылғы 1 қаңтардағы хатында ол Эпштейнге сол жігіттің Регинаны адамдардың көзінше сабағанын, телефонын ұрлап кеткенін және жас модельдің есірткі қолданатынын айтып, полицияға шағымданамын деп қорқытқанын баяндайды.

«Бұл Руслананы (Коршунованы) сабаған сол жігіт емес пе?»,- деп нақтылайды Эпштейн. Элкхоли мұны растайды.

Бірнеше күннен кейін, 2011 жылдың 10 қаңтарында, Элкхоли Регинаға оның да соңы Руслана Коршунова сияқты қайғылы аяқталуы мүмкін екенін айтып, модельдік агент ретінде ынтымақтастықты тоқтататынын жазады.

«Менің көзқарасымша, біздің іскерлік қарым-қатынасымыздың үзілуін Руслана Коршунованың өліміне байланысты қайғылы оқиғалардың соңғы нүктесі деп қарастыруға болады. Шын мәнінде, сіздің есірткі қолданатыныңыз және Марк Каминскимен қарым-қатынасыңыздағы қатыгез мінез-құлқыңыз туралы көптеген хабарламалардан кейін, мен тағы бір трагедиялық жағдайдың туындау мүмкіндігін көріп тұрмын», - деп жазған Элкхоли.

Коршунованың өлімінің себептері туралы Эпштейннің өзі де 2010 жылғы хат алмасуларында пікір білдірген. Қаржыгер есімі жасырылған адресатқа жазған хатында: «Руслана негізінен өз жігіттерінің кесірінен қайтыс болды», - деп жазған.

Тэгтер:

Эпштейн модель өлімі Руслана Коршунова