Атыраулық ерлі-зайыптының Индонезияға қашан барғаны анықталды

Бүгін, 15:26 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Атыраудағы резонансты қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде ұсталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің Индонезияда қолға түсуіне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Комиссар Рикки Пурнаманың айтуынша, Ломбок аралындағы қонақүйге полиция кірген сәтте Сәрсемәлиев қашуға әрекет жасаған. Алайда құқық қорғау қызметкерлері оны сол жерде ұстаған.

Күдіктіні ұстау операциясына Индонезиядағы Интерполдың Ұлттық орталық бюросы, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметінің өкілдері қатысқан.

Полиция мәліметінше, Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Малайзияның Куала-Лумпур қаласынан Бали аралына ұшып келген. Кейін олар Ломбок аралына қоныс аударып, ұсталғанға дейін сонда тұрған.

Қазіргі уақытта Индонезия тарапы екі күдіктіні Қазақстанға депортациялау рәсімдерін жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі күдіктілердің ұсталу сәті түсірілген бейнежазбаны жариялаған болатын.

Еске салайық, 2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы із-түзсіз жоғалған бір отбасының төрт мүшесіне іздеу жариялаған еді. Кейінірек осы отбасының қызы мен күйеу баласының да байланыссыз кеткені анықталған.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы