Ресейде соғысқа тартылған жалдамалылар саны бойынша Орталық Азияда Өзбекстан көш бастады

Бүгін, 16:05 / Қайсар Қалам
Сурет: әлеуметтік желіден

Ресей Украинаға басып кіргеннен бері Өзбекстанның 4000-нан астам азаматын соғысқа тартқан. Бұл туралы «Просто журналистика» жобасына берген сұхбатында Украинаның «Хочу жить» мемлекеттік жобасының үйлестірушісі Тамара Курушкина мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Курушкинаның нақтылауынша, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігімен Өзбекстанның 4000-нан астам, Тәжікстанның 3000-нан астам және Қазақстанның 2000-нан астам азаматы келісімшартқа отырған. Алайда Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатқан Орталық Азия елдерінен шыққандардың нақты саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін.

«Көп жағдайда Орталық Азия елдерінен келгендер Ресей азаматтығын алғаннан кейін келісімшартқа қол қояды. Бұл ретте оларда өз елінің алғашқы төлқұжаты сақталып қалады. Яғни, іс жүзінде олардың қос азаматтығы бар, бірақ құжат бойынша Ресей Федерациясының азаматтары ретінде есептеледі. Бұдан бөлек, біз тек өзімізде бар расталған деректер туралы ғана айтып отырмыз. Шын мәнінде, бұл адамдардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін», -  деп түсіндірді Тамара Курушкина.

«Хочу жить» жобасы үйлестірушісінің айтуынша, жалдамалылар саны 2023 жылдан бастап, РФ Қорғаныс министрлігі Орталық Азия азаматтарын жүйелі түрде тарта бастаған кезде арта түскен. Бұған дейін Украина барлау қызметі Орталық Азия елдері адамдарының «Вагнер» ЖӘК-іне (ЧВК) қосылуының тек жекелеген жағдайларын ғана тіркеп келген.
 

Тэгтер:

өзбекстан украина орталық азия жалдамалылар