Ақша тасымалдаған ұшақ апатқа ұшырады

Бүгін, 10:44 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Оқыс оқиғадан 15 адам қаза тапты. Боливия Әскери-әуе күштерінің ұшағы Ла-Пас маңындағы Эль-Альто қаласының әуежайына қону кезінде апатқа ұшырады, деп хабарлады жергілікті Unitel телеарнасы.

Жергілікті авиация басқармасының мәліметінше, лайнер ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, көлік қозғалысы көп тасжолға құлаған, соның салдарынан бөлшектеліп, өртенген. Ұшақ сынықтары сол сәтте тасжолда келе жатқан автомобильдерді зақымдады. Құтқарушылардың хабарлауынша, апат салдарынан кем дегенде 15 адам қаза тапты, олардың арасында ұшақ экипажы мен көліктерде болған адамдар бар.

Unitel-дің нақтылауынша, ұшақ жергілікті Орталық банктің тапсырысымен Ла-Пасқа жаңа банкноттарды тасымалдаған. Апаттан кейін ақшалар жан-жаққа ұшып кеткен. Оқиға орнына купюраларды жинап алуға тырысқан көптеген адам жиналды, полиция оларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болды, деп хабарлайды телеарна.

Кейінірек Боливия Орталық банкінің басшысы Давид Эспиноса бұл ұшақпен тасымалданған банкноттардың жарамсыз екенін және төлем ретінде қабылданбайтынын мәлімдеді.
 

Тэгтер:

ақша Ұшақ апат Боливия