Ирандық ақпарат құралдары ел басшылығы мен аятолла Әли Хаменеи отбасы арасында ірі шығындар болғанын хабарлады. Мәліметтерге сәйкес, әуе шабуылы салдарынан оның жақын туыстары – қыздары, күйеу баласы мен немерелері қаза тапқан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сондай-ақ Иран Қорғаныс кеңесінің хатшысы Әли Шамхани мен Ислам революциясы сақшылары корпусының (КСИР) қолбасшысы Мохаммад Пакпурдың да мерт болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл деректерге қатысты тәуелсіз растау әзірге жарияланған жоқ.
Билік құрылымындағы өзгерістер
Сарапшылардың айтуынша, Иранда жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты қауіп-қатерлерді ескере отырып, мұрагерлік жүйесі алдын ала қарастырылған. Елде стратегиялық маңызды қызметтерге ықтимал кандидаттар тізімі жасақталғаны айтылуда.
Дегенмен аятолла Хаменеидің ресми мұрагері қауіпсіздік мақсатында жария етілмеген. Бұл – Иран саяси жүйесіндегі дәстүрлі сақтық шараларының бірі.
Трамптың мәлімдемесі
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ирандағы билік транзиті туралы пікір білдірді. Журналистердің «Хаменеи қайтыс болған жағдайда шешім қабылдайтын тұлға кім болады?» деген сұрағына ол:
«Мен нақты кім екенін білемін, бірақ айта алмаймын», – деп жауап берді.
Бұл мәлімдеме халықаралық қауымдастықта қызу талқыланып жатыр. Кейбір сарапшылар мұны геосаяси сигнал деп бағаласа, енді біреулері оны дипломатиялық тактика ретінде түсіндіреді.