Иран Израиль мен Парсы шығанағы елдеріне қайта соққы жасап жатыр (ВИДЕО)

Бүгін, 12:58 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

АҚШ пен Израильдің соққыларына жауап ретінде Иран жексенбі күнінен бастап Парсы шығанағындағы америкалық базаларға, Ирак Күрдістанына, сондай-ақ Израиль қалаларына қайтадан зымыран соққыларын жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

ВВС басылымының жазуынша, сенбі күні АҚШ пен Израильдің бірлескен әуе соққылары нәтижесінде Иранның Жоғарғы көсемі Әли Хаменеи қаза тапқаны хабарланған.

Жексенбі күні Израиль Иран аумағына жаңа соққылар жасалғанын мәлімдеді.

Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) мәлімдеуінше, 27 америкалық әскери базаға, сондай-ақ Израильдің Тель-Ноф авиабазасына, Израиль армиясының штаб-пәтеріне және Тель-Авивтегі ірі қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне шабуыл жасалған.

КСИР өңірдегі америкалық USS Abraham Lincoln авианосеціне төрт баллистикалық зымыран атылғанын да хабарлады. Алайда АҚШ-тың Таяу Шығыстағы Орталық қолбасшылығы (Centcom) бұл зымырандардың "кемеге тіпті жақындамағанын" мәлімдеді.

Сонымен қатар Centcom үш америкалық әскери қызметкердің қаза тапқанын растады. Бұл – сенбі күні басталған АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясынан бергі алғашқы белгілі шығындар.

Тағы бес әскери қызметкер "ауыр жарақат алған". Қаза тапқан үш сарбаздың аты-жөні олардың отбасыларына хабарланғаннан кейін, 24 сағат өткен соң жарияланады.

Иран парламентінің төрағасы Мұхаммад-Багер Ғалибаф Иран Қарулы күштері аймақтағы америкалық және израильдік нысандарға шабуылдарын жалғастыратынын мәлімдеді.

Тэгтер:

Иран АҚШ соғыс Израиль