Әлеуметтік желіде газ құю бекетінің өртеніп жатқан видеосы тарады. Оқиға Ақтөбеде болған. Видеода өртеніп жатқан бекет бір сәтте жарылады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Алматы ауданындағы Ақжар көшесінің бойында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, алдымен жер үстіндегі резервуарлардың бірінде газ-ауа қоспасының тарсылы (хлопок) орын алған. Содан кейін от екінші цистернаға, жақын маңда тұрған газ тасушы көлікке және операторлық ғимаратқа жайылған.
Құтқарушыларға өте қауіпті жағдайда жұмыс істеуге тура келді - қайта жарылыс болуы және өрттің одан ары таралу қаупі жоғары болды. Өрт толықтай сөндірілді. Ресми ақпаратқа сәйкес, зардап шеккендер жоқ.
Өртті сөндіруге 60-қа жуық қызметкер мен 16 бірлік техника жұмылдырылды.