Израиль барлауы Хаменеи қазасына дейін Тегерандағы камералар арқылы «із кескен» - БАҚ

Бүгін, 18:38 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Жасанды интеллект / Араша

Израиль барлау қызметі аятолла Әли Хаменеиге қатысты операцияға дейін Тегеран көшелеріндегі жол бойы камераларының басым бөлігіне заңсыз қол жеткізіп, оның күзеті мен жақын шеңберін сырттай бақылаған. Хабарда видеожазбалар шифрланып, Израильдегі серверлерге тұрақты жіберіліп отырған, деп хабарлайды Arasha.kz Азаттық радиосына сілтеме беріп.

Басылыммен сөйлескен адамдардың айтуынша, бақылаудағы камералардың бірі Хаменеи резиденциясына келетін жоғары лауазымды тұлғалардың жүргізушілері көлікті қай тұсқа қоятынын аңғаруға мүмкіндік берген. Осы деталь арқылы күзет қызметінің әдеттегі қозғалыс үлгісі, ішкі тәртібі мен «қауіпсіз дәліздері» шамаланған.

FT мәліметінше, барлау қызметі қауіпсіздік қызметкерлері туралы деректерді де жинаған: тұрғылықты мекенжайы, жұмыс кестесі, жүретін бағыты, кімдерді күзетіп-таситыны секілді ақпараттар жүйеленіп отырған.

Тағы бір бағыт ретінде, Хаменеи резиденциясы орналасқан көше маңындағы ұялы байланыс инфрақұрылымына әсер ету амалдары сипатталады: байланыс «бос емес» болып тұрғандай әсер қалыптастырып, қауіп туралы ескертудің дер кезінде жетпеуін көздеген тәсілдер қолданылғаны айтылады.

Жол бойы камераларынан бөлек, израильдік барлау ұялы байланыс желілерінен де мәлімет алғаны, ал операцияға қатысты дереккөздердің бірі америкалық тараптан да адам болғанын жоққа шығармайтыны жазылған. Мұның бәрі жоспарланған кездесудің өтетіні және жоғары лауазымды тұлғалардың резиденцияға бет алғанын анықтауға көмектескен.

Материалда «Хезболла» жетекшісі болған марқұм Хасан Насралладан өзгеше, Хаменеи ашық жүріп-тұрғанымен, соғыс жағдайында сақтық шараларын күшейткені де айтылады. Дегенмен дереккөздердің бірі оның бункерде болмауын «әдеттен тыс жағдай» деп сипаттайды.

Financial Times-тің жазуынша, мақсатқа дәл тиетін қарумен Хаменеи кешені бірнеше мәрте соққыланған, ал операцияның шешуші сәтінде израильдік жойғыш ұшақтар бірнеше сағат бойы ұшып, нысананы дәл көздеген.

Әли Хаменеидің көз жұмғанын 2026 жылғы 28 ақпан күні кешке Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдеген. Кейін Иранда жоғарғы көшбасшы міндетін уақытша атқару тізгіні аятолла Әлиреза Арафиге өткені туралы ақпарат тарады: ол Конституцияны қорғау кеңесі мен Сарапшылар кеңесінің мүшесі ретінде аталады.

Тэгтер:

Иран Тегеран Израиль барлау Әли Хаменеи