Экология және еңбек адамы: Атырау облысының жұртшылығы жаңа Конституция жобасын қолдайды

3 наурыз, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: Жаслан Жумабеков, Талгат Таныбаев

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Атырау облысына барды. Өнеркәсіптік өңірде қоғам өкілдерімен, шығармашыл жастармен, мұнайшылармен және кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өтті.

Қоғам өкілдерімен кездесу барысында Коалиция мүшелері алдағы референдумның елдің болашағы, әр отбасы мен әрбір қазақстандық үшін тарихи маңызы туралы әңгімелесті.

Мәжіліс төрағасы жаңа Конституция халықтың сұранысына негізделгенін, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған жүйелі реформалардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті. Ата заң жобасы – қоғамда қордаланған әділдікті орнықтыру, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету және баршаға тең мүмкіндіктер беру жөніндегі талаптарға берілген жауап. Сондықтан парламенттік реформадан бастау алған конституциялық түзетулер Қазақстанның болашағы туралы кең ауқымды қоғамдық пікірталасқа ұласып, нәтижесінде жаңа Ата заңның қабылдануына алып келді. 

– Өздеріңіз білесіздер, халық тарапынан 10 мыңнан астам ұсыныс түсті. Азаматтар елдің болашағы, қағидаттар мен құндылықтар туралы көбірек айта бастады. Осының бәрін саралай келе, парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туралы қорытындыға келді. Елдегі саяси жүйе тұтастай жаңарып жатыр. Биліктің барлық тармақтары қайта құрылуда. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы беки түседі, – деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов атап өткендей, жаңа Конституция өткен мен бүгінді байланыстырып, елдің болашаққа бағыт алған жолын айқындайды. Ал преамбулада байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайту туралы қағиданың бекітілуі тарихи сабақтастықты және ұлттың сан ғасырлық тарихын айшықтайды.

Атырау тұрғындары, өз кезегінде, жаңартылған Конституция жобасында адамның құқықтары мен бостандықтарының жаңа кепілдіктері мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде қарастырылғанын атап өтті. Мұнайлы өңір тұрғындары үшін еңбек құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерді қорғау үшін құқықтық механизмдерді нығайту, сондай-ақ Заң мен Тәртіптің үстемдігі принципін бекіту ерекше маңызды. Бұл инвесторлар үшін де, жұмысшылар үшін де алдын ала болжанатын құқықтық ортаны қамтамасыз етеді.

Әңгіме барысында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау нормасына ерекше назар аударылды. Олар алғаш рет Ата заңда іргелі принциптер деңгейінде бекітілуде. Жұртшылықтың пікірінше, бұл ереже мұнайлы өңір үшін аса өзекті. Экологиялық қауіпсіздік пен табиғи ресурстарды қорғау мәселелері мұнда тек декларация емес, келер ұрпақ үшін нақты болашақ кепілдігі болып саналады.

Аймақтың шығармашыл жастарымен кездесу «Atyrau Creative Hub» орталығында өтті. Білім беру, ғылым, инновациялар, цифрлық құқықтарды қорғау және талантты жастардың әлеуетін таныту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған дәуірде жеке деректерді қорғауды күшейтетінін және цифрлық қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын қалыптастыратынын атап өтті.

Отбасылық мәселелер мен қоғамымызға тән дәстүрлі құндылықтарды сақтауға арнайы назар аударылды. Жас атыраулықтар жаңа Конституцияда некені ерікті түрде жасалған ер мен әйелдің одағы ретінде нақты айқындау отбасылық институтты қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және оны құқықтық деңгейде қорғауға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Әр адамның еңбек ету құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы және әлеуметтік қорғау сынды жаңа Конституция жобасында жарияланған нормалар «ҚазТурбоРемонт» қызмет көрсету орталығының ұжымымен өткен кездесулерде талқыланды. 

Кәсіпорынның жас мамандары мемлекет пен бизнес олардың кәсіби дамуына қандай мүмкіндіктер жасайтынына қызығушылық танытты. Әсіресе, мемлекет адамның білімі мен кәсібилігін елдің стратегиялық ресурсына айналдыруға жағдай жасау жауапкершілігін өз мойнына алатыны туралы принципке  көбірек назар аударды. Өндіріс мамандарының пікірінше, бұл өңірдегі жастардың даму көкжиегін кеңейтеді.

Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері еңбек жағдайлары мен заманауи инновациялық өндірістерді дамыту мәселелеріне қатысты бірқатар сұрақ қойды. Іргелі ұжым мүшелері жаңарған Ата заң еңбек жағдайларының қауіпсіздігін және әділ еңбекақы кепілдіктерін күшейтетінін, ал мемлекеттік саясат адамның еңбегі мен кәсіби жетістіктеріне негізделіп құрылатынын атап көрсетті.

Кездесулер қорытындысы бойынша Атырау тұрғындары 15 наурыздағы референдумға қатысу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екенін айтты. Жергілікті жұртшылық өз таңдау құқығын пайдаланып, Қазақстанның тұрақты болашағы үшін дауыс беруге ниетті екенін білдірді.

Жалпыұлттық Коалицияның баспасөз қызметі