Ақтөбеде жарылған пауэрбанк бір отбасын баспанасыз қалдырды

Бүгін, 16:36 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Ақтөбелік отбасы үйінде пауэрбанктен шыққан өрт салдарынан жалғыз баспанасынан айырылып қалды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.

Отағасы екі баласымен және атасымен бірге жойқын өрттен кейін далада қалды. Отбасы мүшелерінің айтуынша, оқиғаға пауэрбанктің кенеттен тұтануы мен жарылуы себеп болған.

«Бір кезде тарс еткен дыбыс естілді, жарылыс сияқты болды. Атып шықсам, ұлымның бөлмесінде немерелерім пауэрбанкті токқа қосқан екен, сол жерден лап ете қалды! Жарылыс болып, түтін шықты... Шкаф бірден өртене бастады. Тыныс алу мүмкін емес еді... Ештеңе көрінбей қалды. Құдай бетін ары қылсын... мұндай өртті көрсетпесін», - деді қала тұрғыны Құрман Майрумбаев.

Өрт сөндірушілер тез жеткенімен, үйді аман алып қалу мүмкін болмады. Тілсіз жауды 20 минут ішінде ауыздықтағанымен, барлық заттардың ішінен тек құжаттарды ғана құтқарып үлгерген. Қазіргі уақытта отбасы уақытша баспана іздестіріп жатыр.

Өртенген үйді басынан бастап қалпына келтіруге тура келеді. Үй иесі оны алты жыл бойы өз қолымен тұрғызған.

«Өзім құрылысшымын. Қазір маған тек құрылыс материалдарымен көмек қажет. Күн жылына салысымен, бәрін қалай қалпына келтіруді ойластырамын. Мүмкін, қабырғаларын бұзып, қайтадан соғуға тура келетін шығар. Бұл үйді ешкімнің көмегінсіз, өзім салған едім», - деді Тимур Майрумбаев.


 

Тэгтер:

өрт Ақтөбе пауэрбанк