Президент шұғыл тапсырма берді: Тоқаев маңызды нысандардың қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

Бүгін, 18:52 / Arasha.kz
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл ақпаратты Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрге, күштік құрылымдардың басшыларына, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компаниялардың жетекшілеріне, сондай-ақ өңір әкімдеріне тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды. Олардың қатарында көлік, энергетика және коммуналдық инфрақұрылым нысандары, соның ішінде әуежайлар, теңіз және өзен порттары бар", – делінген Ақорда берген мәлімдемеде.

Аталған жұмысты үйлестіру міндеті Қауіпсіздік кеңесінің хатшысына жүктелгені хабарланды.

Айта кетейік, 28 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Иран төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты бірқатар тапсырма берген болатын. Сол кезде Президент Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен тиісті министрліктердің басшыларымен бірлесіп, елдегі тұрақтылыққа қауіп төнуі мүмкін жағдайлардың алдын алу үшін шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырған.

Бұған дейін Айбек Смадияров Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық күштік ведомстволар тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшірілгенін хабарлаған еді. Сондай-ақ Үкіметте Сыртқы істер министрлігінің жетекшілігімен арнайы мониторингтік топ жұмысын бастаған.

Тэгтер:

президент Қасым-Жомарт Тоқаев