Алматы облысының Талғар қаласында жергілікті тұрғын өлтірілді. Оқиғаның мән-жайын адвокат Асылбек Әбдрайымов айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, жанжал жылқы саудасына байланысты туындаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Әйелі күйеуіне айтпастан жылқы сатып жіберген. Содан туған өкпе-реніштен соң әйелі өзінің анасын көмекке шақырған. Ер адам түнде ұйықтап жатқанда, екеуі оған 30 жерден пышақ жарақатын салған», - деді Әбдрайымов.
Полиция күдіктілерді ұстады, екі әйел де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде бір топ адам жасаған кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр, оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.