Индонезияда қолға түскен Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева наурыз айында Қазақстанға экстрадициялануы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта күдіктілерді елге қайтару бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
"Жақын уақытта екі күдіктіні Индонезиядан Қазақстанға жеткіземіз. Қажетті рәсімдер атқарылуда. Осы айдың ішінде алып келуді жоспарлап отырмыз", – деді Санжар Әділов.
Сонымен қатар Атырау облысында із-түссіз кеткен тағы екі адамды іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазіргі уақытта бұл іске арнайы тергеу тобы жұмылдырылған.
Атыраудағы жұмбақ қылмыс
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысының полициясы бір отбасының төрт мүшесінің жоғалып кеткені туралы хабарлап, іздеу жариялаған болатын. Кейіннен тергеу барысында осы отбасының қызы мен күйеу баласының да байланысқа шықпай кеткені анықталған.
Іздеу жұмыстары кезінде ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері өздері тұрған үйдің ауласынан табылды.
Тергеу мәліметінше, бұл іске отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде танылған. Ал оның жұбайы, яғни жоғалған отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға «хабар-ошарсыз кету» дерегі бойынша іздеу жарияланған.
Кейіннен ерлі-зайыпты шетелде жүргені анықталып, оларды ұстау операциясы жүргізілді. Күдіктілер Индонезияда ұсталды. Операцияға Интерполдың Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметінің мамандары қатысқан.
Полицияның мәліметінше, Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласынан Бали аралына барған. Кейін олар Ломбок аралына қоныс аударып, ұсталғанға дейін сол жерде тұрған.