ҚТЖ-ның еншілес компаниясының топ-менеджері жемқорлықпен ұсталды

Бүгін, 09:21 / Қайсар Қалам
Сурет: ЖИ

Алматыда «Қазтеміртранс» АҚ филиалының директоры Ақылбек Базенов ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz. 

Әлеуметтік желіде тараған кейбір мәліметтерге қарағанда, Базенов шамамен 540 млн теңге көлемінде пара алу кезінде қолға түскен болуы мүмкін. Болжам бойынша, бұл ақша филиал нысандарын күзетуге байланысты мемлекеттік сатып алуда жеңіске жетуге көмектескені үшін берілген.

Компанияның өзінде тергеу әрекеттері жүріп жатқанын растады.

«Қазтеміртранс» АҚ қазіргі уақытта құзырлы құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатқанын растайды. Компания жан-жақты көмек көрсетіп, барлық қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынып отыр», — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сонымен қатар компанияда айтылған нұсқаға күмән бар екенін аңғартты. Олардың мәліметінше, бүкіл компания бойынша күзет қызметтеріне бөлінетін жалпы бюджет шамамен 200 млн теңгені, ал Алматы филиалына 9 млн теңгеден астам қаржыны ғана құрайды. Бұл болжанып отырған пара сомасынан «бірнеше есе аз» екені айтылды.

«Қазтеміртранс» АҚ — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес құрылымы.