Қазақстан цифрландыруды ерекше қолға алып жатқан мемлекет. Цифрлық қала салу сияқты ірі-ірі жобаралдан-ақ цифрландыру барлық саланы қамтып жатқанын көруге болады. Осы ретте елде маман қажеттілігі туындауы заңды. Болашақтың мамандығы саналатын цифрлық мамандықтарды меңгеруге әйелдер қауымын жұмылдыру да елімізде қарастырылып отыр. Қазақстанда AqylTech және IT Aiel онлайн-бағдарламалары бойынша цифрлық салаға оқыту қолға алынған. Соның арқасында елімізде әйелдер қауымына көптеген мүмкіндіктер ашылып жатыр деп отыр ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Nazarbayev University Вице-президенті Гүлмира Қанай.
Ол IT Aiel жобасына қатысқан Астана қаласының тұрғыны Сымбат Сәрсенбекова мен ұзақ уақыт жұмыс істемеген Юлья Андриенко туралы айтып берді.
«Сымбат ханым ұзақ уақыт бойы декреттік демалыста болған. Декреттік демалыс кезінде әйелдер мансаптық тұрғыда көп мүмкіндіктерден айырылады. Сол себепті қайтадан жұмысқа оралу оңай бола бермейді. Психологиялық тұрғыдан болсын, басқа да жағдаяттар болады. Сондықтан біздің жоба Сымбатқа үлкен мүмкіндіктер берді деуге болады. Ол бізде тестілеу бағыты бойынша мамандықты меңгеріп, Epam Systems деген компанияға жұмысқа кірген және қазіргі таңда сол жерде қызмет атқаруда.
Сонымен қатар бізде жобада болған Юлья Андриенко деген нәзікжандымыз білгілі бір өмірлік қиын жағдайларға байланысты 13 жыл бойы жұмыс істемеген. Ол аталмыш бағдарламаның аясында жобасын сәтті іске асырып, қазіргі таңда фармацевтикалық компанияда өзінің жаңа мамандығын бастап кетті”, - дейді Гүлмира Қанай.
ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «TechnoWomen» ҮЕҰ басқарма төрайымы Азиза Шужеева жобаның расымен де халықтық болып кеткенін мақтанышпен айтып, тұтас отбасының өміріне өзгеріс әкеліп жатқанын жеткізді.
«Мысалы өткен жылы бір отбасының ұлы мен келіні AqylTech жобасы бойынша білім алды, ал олардың анасы IT-Aiel жобасында оқыды. Оқу бітіргесін олар өздерінің отбасылық шағын кәсібін қолға алды. Олар электронды коммерциямен айналысып кетті», - деді ол өз сөзінде.
AqylTech — 17 өңірдің ауыл жастарын, моноқала тұрғындарын, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жастарын қамтуға бағытталған бағдарлама. Ал IT Aiel —қыз-келіншектер мен әйелдерге арналған бағдарлама және әсіресе декреттегі аналарға, көпбалалы аналарға, сондай-ақ зейнет жасына жақындаған әйелдерге бағытталған. 2023 жылдан бері жоба еліміз бойынша 21000-нан астам әйелге білім берді.