Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында қарт ерлі-зайыптының өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша жаңа күдікті анықталды. Күдіктілердің бірі – марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев. Ол жақын арада Индонезиядан Қазақстанға жеткізіледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұған дейін қылмыстық істе марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваның процессуалдық мәртебесі нақты көрсетілмеген еді. Енді бұл мәселеге қатысты өзгеріс енгізілді. Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов оның да күдікті ретінде танылғанын мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша екі күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілді. Олар жақын арада шетелдік әріптестеріміздің көмегімен елге жеткізіледі. Келу маршруты да алдын ала пысықталды. Әрі қарай іс қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес жүргізіледі", – деді Әділов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл іс бойынша екі адам күдікті ретінде қарастырылып отыр.
Еске сала кетейік, 27 ақпанда полиция Ақбаян Мұқанғалиева мен оның азаматтық некедегі жұбайы Сұлтан Сәрсемалиевті Индонезияның Ломбок аралында ұстағанын хабарлаған болатын. Қазіргі уақытта оларды Қазақстанға экстрадициялауға дайындық жүріп жатыр.