Саясаттанушы Талғат Қалиев Ирандағы билік басындағы түсініспеушіліктер мен жаһандық нарықтағы дүрбелеңге қатысты өткір болжамдарын бөлісті. Оның пікірінше, көршілес елдегі жағдай Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін де елеулі қатерлер тудыруы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сарапшының пайымдауынша, Тегерандағы саяси элита арасында ауызбіршілік жоқ. Бұған қатысты ол былай дейді:
«Әли Хаменеидің ұлы жаңа Рахбар болып сайланды деген ақпарат ресми түрде расталмаса да, ел басшылығында біртұтас биліктің жоқтығы анық байқалуда. Президент Масуд Пезешкиан көрші елдерден кешірім сұрап, соққыларды тоқтатуға уәде бергенімен, әскерилер оның сөзін елемей, бомбалауды жалғастыруда. Бұл биліктегі негізгі тұлғалар арасындағы үлкен қайшылықтың белгісі. Мұндай жағдай ел ішінде азаматтық соғыстың тұтануына және Иранның саяси картасының өзгеруіне әкеп соғуы әбден мүмкін».
Сонымен қатар, Қалиев Ирандағы тұрақсыздықтың көші-қон мәселесі мен экономикаға әсерін былайша сипаттайды:
«Ирандағы жағдай қиындаса, 90 миллиондық халықтан шығатын босқындар легі жан-жаққа, соның ішінде Орталық Азияға да ағылуы мүмкін. Қазақстан бұл тасқыннан оқшаулана алмайды, себебі әлемдік қауымдастық бұл миграциялық лекті өздерінен алшақтатуға тырысады. Оның үстіне, мұнай бағасының барреліне 150-200 долларға дейін көтерілу қаупі әлемдік экономиканың өсуін тежеп, Орталық Азияны ірі геосаяси ойыншылардың назарына іліктіреді. Біз кез келген тосын жағдайға дайын болуымыз керек».