Шымкенттегі футбол матчында жаппай төбелес болды: екі ойыншы ауруханаға түсті

Бүгін, 12:18 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Шымкентте «Ордабасы» және «Ақтөбе» жастар командалары арасындағы бақылау матчы кезінде келеңсіз оқиға орын алып, соңы жаппай төбелес пен футболшылардың ауруханаға жатқызылуымен аяқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Ақтөбе» клубының мәліметінше, қақтығыс екінші таймның басында таласты ойын сәтінен кейін басталған. Сөзге келу тез арада төбелеске ұласып, оған екі команданың да ойыншылары араласқан. Матчты тоқтатуға тура келді.

Төбелес салдарынан ақтөбелік команданың екі футболшысы зардап шекті. Олардың бірінің иегі сынып, тістері түскен, оған ота жасалады. Тағы бір ойыншының ерні қатты тілінген. Екі спортшы да ауруханаға жеткізілді.

«Ақтөбе» футбол клубы алаңдағы кез келген зорлық-зомбылық түрін үзілді-кесілді айыптайтынын және құзырлы органдар тарапынан болған оқиғаға қатысты мұқият тергеу жүргізіледі деп үміттенетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, клуб зардап шеккен ойыншыларға қолдау білдіріп, олардың емі мен сауығуы үшін барлық қажетті көмекті көрсетуге уәде берді.
 

Тэгтер:

төбелес футбол Ақтөбе Ордабасы