Атыраулық журналист Жанат Молдашова бірнеше айдан бері хабарсыз кеткен ағайынды Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіттері табылған орынға барып, сол жерді бейнежазбада көрсетті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистің айтуынша, бұл аумақ – күдіктілер бұрын жалға алып тұрған үйдің ауласы. Дегенмен жергілікті полиция әзірге бұл жағдайға қатысты ресми мәлімет жарияламаған.
Жанат Молдашованың сөзінше, бейресми деректер мен тараған ақпараттар бір-біріне сәйкес келеді.
"Жоғалған Наурыз бен Мейрамгүлдің мәйіттері күдіктілер жалдап тұрған үйдің маңынан табылды деген бейресми ақпарат тарап жатыр. Мұны естігеннен кейін осы жерге барып көрдік. Бұл Атырау қаласы. Мұнайшы ақшамауданы. Үйдің айналасындағы бұрынғы қазылған жерлер көмілген. Көлік іздерін байқамадық. Дәл үйдің іргесінен табылмаған сияқты.
Естеріңізге салсам, бұл үйге 8 қаңтар күні келдік. Арнайы жедел топ айналасын түгелдей қазып, іздеп жатты. Тіпті, мәйіт іздейтін георадармен жүргенін көрдік. Парақшамда болуы керек. Мәйіттердің осы жерден табылғандығы туралы ақпараттар әзірге бейресми", – дейді журналист.