Әйел – қоғамның тірегі, отбасының ұйытқысы. Ол ана ретінде ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның дамуына да үлкен үлес қосады. Ананың жағдайы түзу, көңілі тоқ болуы – баланың да жағдайының жақсы боуын көрсетеді. Саналы да, сапалы ұрпақ тәрбиелеп, мемлекетке жарқын болашақ сыйлау үшін аналарды қаңғытып, балаларды жылатпау маңызды. Осы мақсатта елімізде 2013 жылы «Ана үйі» орталықтары ашыла бастады. Мекеме қолында жаңа туған нәрестемен қиын өмірлік жағдайға тап болған аналарға, сондай-ақ баласынан бас тарту қаупі бар отбасыларға көмек көрсету үшін құрылған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сол себепті Астана қаласындағы «Ана үйіне» бас сұғып, тағдыр тәлкегіне түскен әйелдердің хал-жағдайын сұрауды жөн көрдік.
«Ана үйі» елорданың жер үйлер орналасқан тыныш аудандарының бірінде екен. Қары күрелген, тап-тұйнақтай шағын аулада балалардың шаналары мен ойыншықтары жатыр.
Фото: arasha.kz
Екі қабатты үйдің іші кең, жылы, жарық көрінді. Бірінші қабатында дәліз, асүй, қонақ бөлме және жуыну бөлмесі бар. Екінші қабатында жатын бөлмелер мен жертөледе цех орналасқан. Цехте аналар «Аna Dämi» деген атаумен тәттілер жасап сатады.
Фото: dommamy_astana/instagram.com
Үйге кіргенде алдымнан қасы-көзі қиылған ару шықты да, қонақ бөлмедегі үлкен диванға жайғастырып, әңгімесін айта бастады.
25 жастағы жас ана азаматтық некедегі күйеуінен ұзақ уақыт таяқ жеген, тіпті күйеуі бауырындағы баласынан бас тартуын талап еткен. Ол өзінің «Ана үйіне» келіп қалай пана тапқаны туралы айтты.
«Күйеуім жұмыс істемейді, ақша таппайды, оның үстіне ұратын. Төрт жасар баламды балалар үйіне өткізуімді талап ететін. Өз баламды қалай балалар үйіне өткіземін? Бұдан бөлек тағы да екі рет бала көтердім, бірақ күйеуімнің қалауымен түсік жасаттым. Соңғы уақытта шыдамым шегіне жетіп, күйеуімнен кетуді шештім. Баратын жерім жоқ болғасын «Ана үйіне» келдім. Осындай мекеме бар екені туралы енем айтқан болатын, сол есімде қалыпты. Google-ға «Дом мамы» деп жазып едім, барлық ақпарат шықты. Мен бұл жерде ақыл-есі кем адамдар тұрады деп ойлайтынмын. «Қандай жерге келдім?» деп депрессияға түсіп, жылап келгенмін. Сөйтсем жақсы жер екен. Айжан апайдың өзі де жақсы кісі. Барлығы өзім сияқты адамдар», – деді сұқбаттасымыз.
Кейіпкеріміздің күйеуі үйленбей тұрғанда да қол көтерген екен.
«Үйленбей тұрғанда ол мені қызғанып, үнемі бақылайтын. Бір рет ұрғанда кетіп қалғанмын, бірақ кейін қайта татуластық. Ғашық болып, сүйіп қалдым ғой. Ол кезде сылақшы болып жұмыс істеп, жақсы ақша табатын. Бірге тұрып, балалы болғанда жұмыс істеуді доғарды», – дейді ол.
Кейіпкеріміздің ендігі жоспары азаматтық күйеуінен алимент өндіріп алу, сонымен қатар аяқтамаған медициналық білімін аяқтап, сол мамандық бойынша жұмыс істеу, баласын бала бақшаға орналастырып, тәрбиелеп өсіру.
Қазіргі уақытта мұнда 8 ана 11 баламен тұрып жатыр. Жас аналар үйді өздері жинап, тамақтарын өздері жасап ішеді.
Алғашқы кейіпкерімізбен әңгімелесіп болғанша бестің шайы да дайын болды. Ана үйінің координаторы Айжан Диханова бірге шай іше отырып әңгіме-дүкен құруға шақырды.
Аналардың бірі ірімшік және алма бәліші мен бауырсақ пісірген екен. Екіншісі шай қайнатып, үстел жасады. Тағы бірі баласын жұбатып жүр. Олар өзара жөргектің бағасы, жәрдемақы сияқты тұрмыстық әңгімелерін айтысып шай ішті. Айжан ханым жас аналарға ақылын айтып отырды.
«Мен бұл жерде қыздардың әпкелері, аналары сияқтымын. Ақылымды айтып, барынша қамқорлық көрсетуге тырысамын. Балаларына бауыр басып қалатын жайым бар», – дейді Айжан Диханова.
Аруларға Астанадағы сұлулық салондарының бірі 8 наурыз мерекесіне 50 000 теңгелік сертификат сыйлаған екен, барлығы шаштарын әрлеп, қас, кірпік, тырнақтарына дейін сәндеп алыпты. «Өзімізді ханшайым сияқты сезініп қалдық» дейді. Дегенмен бірінің көңіл күйі жақсы болса, бірі жабырқау көрінді. Айжан ханым тағдыр тәлкегіне түскен жандардың бірден жаңа ортаға сіңісіп кетуі қиын болатынын айтты.
«Бұл жерге келгенде олардың көбі күйзелісте болады. Сондықтан бір айға жуық уақыт жабылып, ешкіммен сөйлеспей жүруі мүмкін. Балалардың да жаңа ортаға үйреніп кетуі оңай емес. Бізде психотерапевт жұмыс істейді. Ең алдымен олардың жан дүниесін емдеуге тырысамыз, содан кейін қажет болса алимент өндіру сияқты құқықтық көмектер көрсетеміз, өзін жұмысқа орналасуына жәрдемдесеміз. «Ана үйінде» олар 6 ай тұра алады. Бірақ 6 ай өткесін шығарып жібермейміз. Толық аяқтанып кетуін қадағалаймыз. Тіпті 10-13 жыл бұрын бізден кеткен аналармен хабарласып, хал-жағдайын білісіп тұрамыз», – дейді «Ана үйінің» координаторы Айжан Диханова.
Координатордан біз аналар қандай жағдайда «Ана үйіне» келетінін сұрап едік, ол әр адамның жағдайы әр түрлі екенін айтты. Бірақ аңдамай от басып жататын қыздарда ата-анасымен сенімді қатынас болмауы да себеп болып жататынын жеткізді.
«Астанада аймақтардан келген жастар көп қой. Біреуі оқуға, біреуі жұмыс істеуге келеді. Жігітпен танысады, жүреді, бірге тұрады, сосын жігіті тастап кетеді. Көп қыздар босанған күннің өзінде ата-анасына айта алмайды. Ұят болады деп ойлайды, қорқады. Сондай жағдайда біз жас ананың баласын тастап кетпеуі үшін көмекке ұмтыламыз», – дейді ол.
Дегенмен координатордың сөзінше осы уақытқа дейін от басып, қателікке ұрынған қызын кешірмеген ата-ана кем де кем. Көп жағдайда ата-анасы қызының жүктілігін немесе тұрмысқа шықпай бала босанғанын кешіріп, қабылдайды екен.
«Бізге келген 500-ден астам әйелдің ішінде екі қызымызды ғана ата-анасы қабылдамады. Қалған барлық жағдайда кешіріп, қабылдады», – дейді Айжан Диханова.
«Ана үйі» қоғамдық қоры – әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалардың санын азайту мақсатында жұмыс істейді. «Ана үйі» ресурстық орталықтары балаларды интернаттық мекемелерге орналастыруды азайтуға бағытталған. «Ана үйі» қолында жаңа туған нәрестемен қиын өмірлік жағдайға тап болған аналарға, сондай-ақ баласынан бас тарту қаупі бар отбасыларға көмек көрсетеді. «Ана үйінің» мақсаты – ананың сәбиін тастап кетуіне жол бермеу және баланы туған отбасында қалдыру.
Бүгінде Қазақстанда 20 орталық жұмыс істейді. Оның 18-і – «Ана үйі», ал 2-і кеңес беру орталығы ретінде трансформациядан өткен. Жезқазған мен Көкшетау қалаларындағы «Ана үйі» осындай өзгеріске ұшыраған. Бұған бұл өңірлерде орталыққа жүгінетін аналардың болмауы себеп болған.
Қазіргі таңда «Ана үйі» елдегі жаңа туған сәбилерінен аналардың ықтимал бас тартуының 69%-ының алдын алады. Балалар интернаттарынан 1 071 бала туған отбасына қайтарылды.