Астана-Қарағанды тасжолында ірі жол апаты болып, бір адам қаза тапты

Бүгін, 16:01 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Алдын ала мәлімет бойынша, тасжолдың 147-шақырымында жеті көлік соқтығысқан. Апаттың ықтимал себептерінің қатарында ауа райының қолайсыздығы (боран, қатты жел және қар) аталады. Көру мүмкіндігінің нөлге жақын болғаны атап өтілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға бүгін, 10 наурызда, шамамен сағат 11:00-де болған.

«Алдын ала деректер бойынша, соқтығысу тізбекті реакция түрінде жүрген. Алдымен Chevrolet Nexia көлігі келе жатқан, содан кейін ол Chery Tiggo-мен соқтығысқан. Одан кейін Toyota Land Cruiser көлігі Chery-ге соғылған. Іле-шала жүк көлігі Land Cruiser-мен соқтығысып, соңынан «ҚазАвтоЖол» операторының қызметтік пикапы мен УАЗ Hunter соқтығысқан», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД.

Land Cruiser жол талғамайтын көлігінің жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, деп толықтырды баспасөз қызметі.

«УАЗ Hunter автокөлігінің жүргізушісі зардап шекті. Ол медициналық мекемеге жеткізілді, қазір оған көмек көрсетіліп жатыр, диагнозы нақтылануда. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, ТЖД бөлімшелері және жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр», - делінген хабарламада.

Тэгтер:

боран жол апаты тасжол