Атыраудағы қылмыс: Наурыз бен Мейрамгүлдің өліміне қатысты жаңа деректер шықты

Бүгін, 18:21 / Arasha.kz
politico.kz коллажы

Атырау облысында жоғалып кеткен Наурыз бен Мейрамгүлдің қазасына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы Politico.kz хабарлады.

Марқұмдардың туыстарының айтуынша, кеше кешке Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері отбасы мүшелеріне қайғылы хабар жеткізген. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, Мейрамгүл мен Наурыздың мәйіттері Геолог ықшамауданындағы үйдің маңынан табылған.

Деректер бойынша, екеуі де пышақ жарақатынан көз жұмған. Аталған үйде негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев бұрын айына шамамен 50 мың теңгеге пәтер жалдап тұрғаны айтылды.

Марқұмдардың туысы Шалқар Мұқанғалиевтің сөзінше, жақындары соңғы уақытқа дейін олар тірі шығар деп үміттенген.

«Бұл біз үшін өте ауыр жағдай. Күдіктінің ұсталғанын естігенде, Мейрамгүл мен Наурыз тірі болуы мүмкін деп үміттендік. Алайда кеше олардың да қаза болғаны туралы хабар алдық. Қазір мәйіттері моргқа жеткізілді, сараптама жүргізіледі. Кешке дейін жерлеуге береді деп айтты», – деді ол.

Отбасының жоспары бойынша, марқұмдардың денесі Жангелдин ауылына жеткізіліп, ата-аналары жерленген зираттың жанына қойылады.

Бұған дейін тараған ақпаратта күдікті Сәрсемәлиев олардың ата-анасын да өлтіріп, мәйіттерін қораға жасырғаны айтылған еді.

Сонымен қатар күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева қазір Атыраудағы Авангард ықшамауданындағы психологиялық қолдау орталығында медициналық-психологиялық көмек алып жатыр. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі оның да бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы