Атырауда жоғалып кеткен отбасыға қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер жарияланды. Бұл туралы журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистің айтуынша, тергеу барысында марқұм Наурызбен байланыс жаз айларында үзілгені анықталған. Осыған байланысты оны сол кезеңде өлтіріп, көмген болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.
Кейінірек, 5 қараша күні, күдіктілер Мейрамгүлді қалаға алып келіп, оны да аяусыз өлтірген. Алдын ала мәлімет бойынша, оның денесін де Наурыз жерленген жерге апарып, қасына көмген.
Жанат Молдашованың сөзінше, бұл оқиға бүкіл елді есеңгіреткен ауыр трагедияға айналды.
"Жауыздықтың шегі болмайды деген осы екен. Мұқанғалиевтер әулетінің қайғысына бүкіл ел ортақтасып отыр. Туыстарымен кездескен сайын қандай жұбату сөз айтарыңды да білмейсің. Бұл – үлкен трагедия", – деп жазды ол.
Журналисттің айтуынша, 8 қаңтар күні жедел топ осы аумаққа келіп, сарай маңында іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда сол кезде мәйіттер табылмаған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, күдікті қылмыс болған үйге жеткізіліп, тергеу тобы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қосымша әрекеттер жүргізіп жатыр.