Жетісудағы Алтынкөл көлінде балық аулау кезінде мұз жарылып, бір адам көлдің ортасына қарай ағып кеткен. Құтқару операциясы кезінде Панфилов ауданы №11 өрт сөндіру бөлімі қарауылының бастығы, майор Дамир Таранов қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
«2026 жылғы 7 наурызда Жетісу облысы Панфилов ауданы Атамекен ауылдық округіндегі Алтынкөл көлінде балық аулау кезінде мұз жарылып, соның салдарынан бір адам мұз кесегімен бірге көлдің ортасына қарай ағып кеткені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Жетісу облысы ТЖД күштері мен құралдары, Жаркент қаласы №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, Талдықорған қаласының жедел-құтқару жасағы, сондай-ақ ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметі мен Алматы облысы ТЖД құтқарушылары жіберілді. Құтқару жұмыстарын жүргізу барысында мұз қайта жарылып, соның салдарынан Панфилов ауданы төтенше жағдайлар бөлімі №11 өрт сөндіру бөлімі қарауылының бастығы, азаматтық қорғау майоры Таранов Дамир Тайыржанұлы қаза тапты», - деп хабарлады Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Артында жұбайы мен екі баласы қалды.
«Дамир Таранов азаматтық қорғау жүйесіндегі еңбек жолын 2012 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсуден бастаған. 2016 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында қызмет етіп, Панфилов ауданы мен Қапшағай қаласының өрт сөндіру бөлімшелерінде жауапты лауазымдарды атқарды. Соңғы жылдары Жетісу облысы Панфилов ауданының №11 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп, өзін тәжірибелі маман және әріптестері арасында сыйлы, білікті басшы ретінде көрсетті. Ол соңына дейін антқа адал болып, азаматтардың қауіпсіздігін қорғай отырып, қызметтік борышын атқарды. Отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», - деп түйіндеді ТЖД өкілдері.