«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасының үш жылының қорытындысы бойынша 7 млн қазақстандық балаға аударылған жинақтардың жалпы сомасы 2,5 млрд доллардан асты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Биыл бағдарламаға 2008-2025 жылдар аралығында туған 6 918 656 бала қатысты. Ұлттық қордың инвестициялық табысынан аударымдардың жалпы сомасы 900 млн доллардан асты. Яғни, 2026 жылы әр балаға 130,71 доллардан берілді.
Осы жылы кәмелет жасқа толғандар үшін (356 613 адам) тұтастай 132,1 млн доллар көлемінде қаражат қарастырылған.
Бағдарламаның маңызды аспектісі – қаражатты капиталға айналдыру. Айталық, өткен кезеңдердің қорытындысы бойынша әр балаға есептелген 232,94 доллар сомасына сәйкес инвестициялық табыс 6,91 доллар мөлшерінде болды.
Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балаларға жоба іске қосылған сәттен бастап үш жылдағы (2024-2026 жылдар) инвестициялық кірісті ескере отырып, жинақтардың жалпы сомасы әрқайсысына 370,56 доллардан шақталды.
Бағдарлама аясында бөлінген сома жастардың өміріндегі маңызды мәселелерді шешуге көмектесіп келеді. Мәселен, қаражаттың негізгі бөлігі (26,3 миллион доллар) мақұлданған 158 774 өтінім бойынша тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталды. 94 068 өтінімге сәйкес білім алуға 15,5 млн доллар жұмсалды.
Аударымды тексеру жолдары
Бағдарламаның тетігі толығымен цифрландырылған және ашық. Ата-аналар баланың жобада бар-жоғын және жинақ сомасын бірнеше жолмен тексере алады:
- kids.enpf.kz сайты (баланың ЖСН бойынша) арқылы;
- egov.kz порталындағы жеке кабинетте;
- Kaspi.kz, Halyk және Bcc.kz мобильді қосымшалары арқылы.
Айта кетерлігі, бала 18 жасқа толған кезде жинақтар БЖЗҚ-дағы арнайы шотқа аударылады және оған ЭЦҚ көмегімен қаражат иесі ғана қол жеткізе алады.
Егер де бала туралы деректер қосымшаларда табылмаған жағдайда ХҚКО-ға барып білу қажет. Ал азаматтықты растау үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне бару керек.
Баспана мәселесін немесе оқудың ақысын шешу үшін жинақ иесіне уәкілетті операторлар арқылы өтініш беру жеткілікті. Бүған дейін бағдарлама аясында жұмыс істеп келген «Отбасы банк» пен Halyk Bank-не 2025 жылдың ортасынан бастап «ЦентрКредит Банкі» қосылып, бұл жастарға таңдау мүмкіндігін кеңейтті.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы Қазақстанның әлеуметтік салаға баса мән беретін мемлекет екенін айқын байқатып отыр: еліміздің азаматтарына туған сәтінен бастап көңіл бөлінеді. Жастарды қолдау, еліміздің және адамдардың болашағына инвестиция салу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Осындай бастамалардың арқасында жас отандастарымыз өмірдегі маңызды міндеттерді шешу үшін нақты қаржылай қолдауға болады: сапалы білім алу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту.