Польшада Қазақстан азаматын өлтіріп кетті

Бүгін, 10:23 / Қайсар Қалам
Сурет: warsawhere.pl

Польша аумағында Қазақстан азаматы Екатерина Шилова кісі қолынан қаза тапты. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлады КазТАГ агенттігі.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Польша аумағында Қазақстан азаматы Екатерина Шилованың қаза болғаны туралы ақпаратты растайды. Марқұмның жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Қазақстанның Польшадағы елшілігі марқұмның туыстарымен, сондай-ақ Польша тарапының құзыретті органдарымен байланыста отыр. Барлық консулдық-құқықтық мәселелер бойынша, соның ішінде денені отанға қайтару (репатриация) бойынша қажетті көмек көрсетілуде», — деп мәлімдеді СІМ баспасөз қызметі агенттіктің сауалына.

Ведомство бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Бұған дейін «Варшава здесь» ресурсы қазақстандықтың жоғалып кеткені туралы хабарлаған болатын. 
1982 жылы туған Екатерина Шиловамен байланыс 18 ақпан күні сағат 23:00-де үзілген. Ол сол уақытта Варшавадан Астанаға ұшуы керек болған, бірақ ұшаққа отырмаған.

Марқұмның әпкесі Екатеринаның атынан келген күмәнді хабарлама туралы айтты. Хатта оның «Германиядан жақсы жұмыс тапқаны, сондықтан билеттерін өткізіп жібергені және кейінірек хабарласатыны» жазылған.

Алайда туыстары бұл хабарламаны Екатеринаның өзі жазғанына сенбеген, өйткені сол сәттен бастап оның телефоны сөндірулі болған.

Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
 

Тэгтер:

тергеу Польша адам өлімі Екатерина Шилова