Ресейдің Тергеу комитеті «қырым коллекциясындағы» мәдени құндылықтарды ұрлау және қайтармау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға 2023 жылы Нидерланд сотының шешімімен Украинаға қайтарылған «скиф алтыны» туралы болып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ресейдің Тергеу комитеті (ТК) сәрсенбі, 11 наурызда «қырым коллекциясындағы» мәдени құндылықтарды ұрлау және қайтармау бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сөз болып отырған «скиф алтыны» 2023 жылы нидерландық соттың қаулысымен Украинаға берілген болатын.
РФ ТК-нің нақтылауынша, қылмыстық іс Нидерланд Корольдігі мен Украина билік органдарының лауазымды тұлғаларына, сондай-ақ Амстердам университетінің Аллард Пирсон археологиялық мұражайына қатысты қозғалған. Ресейлік тергеушілер олардың іс-әрекетінен РФ Қылмыстық кодексінің 164-бабы (ұйымдасқан топ жасаған, ерекше тарихи, көркемдік және мәдени құндылығы бар заттарды ұрлау) және 190-бабы (Ресей Федерациясының аумағынан тыс жерлерге шығарылған мәдени құндылықтарды белгіленген мерзімде қайтармау) бойынша қылмыс белгілерін көріп отыр.
РФ ТК ресми өкілі Светлана Петренко Қырым Ресейге аннексияланғаннан кейін түбектегі мұражайлар барлық жәдігерлерімен бірге РФ меншігіне өтті деп мәлімдеді. Ресей тарапының пікірінше, бұл 2014 жылдың ақпанынан тамызына дейін Амстердамда көрмеге қойылған «скиф алтыны» коллекциясына да қатысты.
«Осылайша, Нидерланд Корольдігінің, Украинаның билік органдары мен Аллард Пирсон мұражайының лауазымды тұлғалары мәдени құндылық болып табылатын барлық аталған мұражай жәдігерлерін өз пайдасына тегін тартып алып, Ресей Федерациясының аумағына қайтармай, Украинаға беріп жіберген», - деп есептейді Петренко.
Ресей Тергеу комитеті «скиф алтыны» коллекциясының құнын кемінде 117 млн рубльге (шамамен 1,3 млн еуро) бағалап отыр. Бұл ретте олардың нарықтық құны әлдеқайда жоғары екені, ал «кейбір артефактілер әлемдік мәдениетте баламасы болмағандықтан құн жетпес жәдігер» екені хабарламада көрсетілген.
Бұқаралық ақпарат құралдары «скиф алтыны» деп Қырымдағы төрт мұражайдың - Бақшасарай тарихи-мәдени қорығының, Таврида орталық мұражайының (Симферополь), Керчь мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының және «Херсонес Таврический» (Севастополь) мұражайының 565 жәдігерін қысқаша атайды. Коллекцияға Қырымның үш халқы - скифтер, готтар мен сарматтардың антикалық дәуір мен ерте орта ғасыр кезеңіндегі әшекейлері, қару-жарақтары мен тұрмыстық заттары кіреді. Қырым аннексияланғаннан кейін Мәскеудің бақылауындағы түбек мұражайлары коллекцияны өздеріне қайтаруды талап етсе, Киев бұған қарсылық білдірген болатын.