Қазіргі қолданыстағы Конституция өз уақытында енді ғана тәуелсіздігін алған елдің жағдайына сай қабылданғаны белгілі. Сол кездегі мақсат – әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алу еді. Одан бері эвлюциялық даму жолынан өткен Қазақстан өзіндік геосаяси рөлі бар қалыптасқан құқықтық мемлекетке айналды.
Бұл туралы өз сөзінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Саясаттану» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Саипжамал Қорғанова айтып берді.
«Бүгінгі Конституциялық реформа қоғам дамуының барлық саласын, атап айтқанда әлеуметтік, экономикалық, саяси, құқықтық, экологиялық, энергетикалық т.б. саланы қамтиды. Жаңа нұсқада «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы айқын көрініс тапқан. Бұл – уақыттың сын-қатерлеріне жауап. Кейбір сарапшылардың әділ пайымдауынша, «жаңа Конституция қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарына конституциялық кепілдіктерді күшейтеді және Конституциялық соттың өкілеттіктерін кеңейтеді», деді ол.
Сондай-ақ С.Қорғанова Негізгі заңының концептуалдық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын паш етуге, халқымыздың өзекті құндылықтары мен қағидаларын көрсетуге, сондай-ақ республиканың саяси институттарының құрылымын тиімді етуге септігін тигізетінін айтады. Оның пікірінше, реформалар аясында Қазақстанда адам және азамат құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтілмек.
«Құқық – декларация емес, институттық қорғау объектісіне айналады. Яғни адам құқықтары енді тек Конституция мәтінінде бекітілген нормалар емес, нақты тетіктермен қорғалатын жүйеге көше бастайды: тәуелсіз сот, омбудсмен институтының күшеюі, конституциялық бақылау, халықаралық құқық нормаларының имплементациясы, т.б.», деді сарапшы.
Сонымен бірге, ол азамат – объект емес, саяси субъект ретінде танылатынын, яғни реформа логикасында азамат – басқарудың пассивті алушысы емес, шешім қабылдаудың қатысушысы, қоғамдық үдерістердің акторы ретінде көрінетінін алға тартты.
«Бұл – құқықтық сана трансформациясы. Адам қадір-қасиетін қорғауға және кемсітушілікті болдырмауға бағытталған нормалар. Өлім жазасын конституциялық деңгейде жою туралы шешім бекітіледі. Бұл Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келеді, себебі бз азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің «Өлім жазасын жоюға» бағытталған факультативтік хаттамасын ратификацияладық», деп ой қосты сарапшы.
Сонымен бірге С.Қорғанова «Жаңа жобаның қандай нормаларын атап өтер едіңіз?» деген сұраққа жауап ретінде жаңартылған Конституция мәтінінен бірқатар мысал келтірді. Ол жаңа жобада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланғанын ерекше атап өтті.
«Бірлік пен тұтастық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленді. Конституция кез келген елде құқықтың негізгі қайнар көзі, әрі құқық жүйесінің жүрегі. Полиэтникалық, поликонфессионалды қазақстандық қоғам үшін, адам құқықтары – демократияның индикаторы ғана емес, оның іргетасы. Сондықтан бұл реформаларда құқық үстемдігі, тең қолжетімділік, дискриминациясыз орта, әділ сот сияқты қағидалар жүйелі деңгейде бекітіледі», деді ол.
Сарапшының айтуынша, бұл конституциялық реформа адам құқықтарын идеологиялық ұран деңгейінен институционалдық кепілдік деңгейіне көшіруді көздейді. Егер бұрын құқық – мәтінде бар норма болса, енді ол нақты қорғалатын әлеуметтік құндылыққа айналуға тиіс.