Иран соғысты тоқтату үшін АҚШ-қа екі шарт қойды

Бүгін, 10:05 / Қайсар Қалам
Сурет: Виталий Невар/РИА Новости

Иран АҚШ-пен соғысты тоқтату мәселесін тек екі негізгі талап орындалған жағдайда ғана талқылауға дайын екенін мәлімдеді. Олар: келтірілген шығын үшін өтемақы төлеу және Америка күштерін Парсы шығанағынан толықтай шығару, деп хабарлайды Arasha.kz.

Иранның Мемлекеттік мүдделерді анықтау жөніндегі кеңесінің мүшесі Мохсен Резаи хабарлағандай, Тегеран бұл шарттар орындалғаннан кейін ғана қақтығысты аяқтауды қарастыруға ниетті.

«Біз соғыстың аяқталуын келтірілген барлық шығын үшін өтемақы алып, болашаққа жүз пайыздық кепілдік берілгенде ғана талқылаймыз. Ал мұндай кепілдіктер АҚШ Парсы шығанағы аймағынан толық кетпейінше мүмкін емес», - деді ол ирандық SNN телеарнасына берген сұхбатында.

Бұған дейін Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи де Таяу Шығыс елдерін өз аумағындағы Американың әскери базаларын жабуға шақырып, репарация төлеуді талап еткен болатын.

Қақтығыстың ушығуы аясында Тегеранда халықаралық мұнай саудасының жаңа шарттары да талқылануда. CNN телеарнасының мәліметінше, егер жеткізілімдер үшін есеп айырысу қытай юанымен жүргізілсе, Иран билігі Ормуз бұғазы арқылы мұнай танкерлерінің шектеулі өтуіне рұқсат беру нұсқасын қарастыруға дайын.

Бұған дейін Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілі қақтығыс жалғаса берсе, Иран бұғаз арқылы мұнай экспортын толық бұғаттауы мүмкін екенін ескерткен.

Жағдайдың шиеленісуі спорт саласына да әсер етті. Иранның Спорт министрі Ахмад Донямали ФИФА-ға жүгініп, АҚШ-ты футболдан әлем чемпионатының матчтарын өткізу құқығынан айыруды сұрады. Оның айтуынша, қажетті жағдай жасалса, Иран құрамасы өз ойындарын Мексикада өткізуге дайын.

Уашингтон болса бұған мүлдем қарама-қайшы ұстанымда. АҚШ Президенті Дональд Трамп келісім тек Иран сөзсіз тізе бүккен (капитуляция) жағдайда ғана мүмкін болатынын қадап айтты.

«Иранмен ешқандай мәміле болмайды, тек сөзсіз капитуляция ғана қабылданады», - деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

Америкалық көшбасшының айтуынша, капитуляциядан кейін АҚШ пен оның одақтастары Иранға экономикасын қалпына келтіруге және елдің жаңа болашағын қамтамасыз етуге көмектесуге дайын.

Axios порталының хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі Ислам революциясы сақшылар корпусын әлсірету бойынша мақсатты науқан жүргізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Сонымен қатар, CNN мәліметінше, Америка барлау қызметі әзірге Иран режимінің жақын арада құлау белгілерін байқап отырған жоқ.

Тэгтер:

Иран АҚШ Израиль