Трамп Зеленскиймен келісімге келу Путинге қарағанда «әлдеқайда қиын» екенін мәлімдеді

Бүгін, 13:00 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ Президенті Дональд Трамп NBC News телекомпаниясына берген сұхбатында Владимир Зеленскийді тағы да сынға алып, украин лидерімен келісу Владимир Путинмен келісуден әлдеқайда қиын екенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Трамп журналистердің ресейлік мұнайға қарсы санкцияларды тоқтата тұру туралы шешіміне күмән келтірген бірнеше еуропалық лидерлердің сынына қатысты сұрағына жауап берді.

АҚШ Иранға қарсы әскери науқан басталғаннан кейін күрт өскен энергия ресурстарының бағасын төмендету үшін танкерлерде тұрған ресейлік мұнайды сатуға рұқсат берген болатын.

Ақ үй басшысы «әлемге мұнай бергісі келетінін» мәлімдеді. «Маған мұнай керек», - деді ол және санкциялар «дағдарыс аяқталған бойда бірден қайтарылатынын» қоса кетті.

Бұдан әрі ол Украина президентін сынға алуға көшті:
«Зеленскийдің келісімге келгісі келмейтініне таңғаламын. Зеленскийге айтыңыздар, ол мәмілеге келсін, өйткені Путин келісімге келуді қалайды».

Ресей Украина әскерінің Донбастың бүкіл аумағынан шығарылуын талап етуді жалғастырып отыр, ал Украина бұны қабылдауға болмайтын шарт деп санайды. АҚШ, Ресей және Украинаның қатысуымен өтуі тиіс үшжақты бейбіт келіссөздер Таяу Шығыстағы жаңа соғысқа байланысты кейінге шегерілді.

Сонымен қатар, NBC News-ке берген сұхбатында Трамп Киевтің ирандық дрондармен күресте Вашингтонға ұсынған көмегінен бас тартты.

Ол «бізге көмек керек емес» деп мәлімдеп: «Зеленский — бізге көмегі қажет ең соңғы адам», — деп толықтырды.

Тэгтер:

Путин Трамп Зеленский