15 наурыз Конституция күні болып белгіленеді – Тоқаев

Бүгін, 08:43 / Қайсар Қалам
Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы референдумға белсене қатысқан жастармен әңгімелесті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесті.

Президент бұл тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді.

– Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын, – деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Президент жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды. 

– Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тэгтер:

тоқаев конституция референдум