Қазақстанда доллар бағамы соңғы бір жарым жылдағы ең төмен деңгейге дейін түсті. Ұлттық банк 17 наурызға арналған ресми курсты 486,2 теңге деп белгіледі. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 1 пайызға немесе 5,09 теңгеге төмен, ал көрсеткіш 2024 жылдың 28 қазанынан бергі ең төмен деңгей болып отыр.
Бірінші кредиттік бюро деректеріне қарағанда, наурыз айының басынан бері теңге біртіндеп нығайып келеді. Ай басынан бері ұлттық валюта долларға қатысты 2,3 пайызға немесе 11,36 теңгеге қымбаттады, ал жыл басынан бері нығаю 3,8 пайызды (19,33 теңге) құрады.
Сарапшылардың айтуынша, теңгенің күшеюіне әлемдік мұнай нарығындағы жағдай әсер етіп отыр. Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы мұнай бағасын көтеріп, бұл Қазақстан сияқты мұнай экспорттайтын елдердің валютасына қолдау көрсеткен.
Бірінші кредиттік бюро мамандарының пікірінше, қазіргі жағдайды энергетикалық нарықтағы өзгерістермен түсіндіруге болады.
«Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс мұнай бағасының күрт өсуіне әкелді. Қазір Brent маркалы мұнай фьючерстері барреліне 100 доллардан жоғары деңгейде саудаланып жатыр. Мұнай қымбаттаған кезде мұнай экспорттайтын елдердің валютасы да әдетте күшейеді, Қазақстанда да осы үрдіс байқалып отыр», дейді сарапшылар.
Соған қарамастан, теңге әлсірейді деген болжамдар әзірге расталған жоқ. Керісінше, кейбір инвесторлар Қазақстанды жоғары базалық мөлшерлемеден пайда көретін елдердің бірі ретінде қабылдап отыр.
Бұл үрдіске халықаралық валюта нарығындағы өзгерістер де әсер еткен. Alpari компаниясының сарапшысы Анна Бодрованың айтуынша, доллардың болашағына тек геосаясат емес, АҚШ-тың ақша-несие саясаты да әсер етеді.
«Қазір доллар сәл төмендегенімен, жалпы алғанда соңғы он айдағы жоғары деңгейдің маңында тұр. Энергия ресурстары қымбаттаған сайын инфляция күшейеді деген алаң бар. Сондықтан АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені жақын арада түсіре қоймайды деген болжам басым. Осы аптада өтетін отырыста да базалық ставка өзгеріссіз қалуы мүмкін», – дейді сарапшы.
Айта кету керек, теңге соңғы күндері тек долларға ғана емес, басқа валюталарға қатысты да нығайып келеді. Қазір еуро шамамен 557,82 теңге, ал ресейлік рубль 6 теңге деңгейінде саудаланып жатыр. Бұл көрсеткіштер де соңғы бір жылдағы ең жоғары деңгейлердің бірі.
Әлемдік нарықтарды зерттеу институтының директоры Алексей Бобровскийдің айтуынша, Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай да әлемдік қаржы және шикізат нарықтарына тікелей әсер етеді. Бұл бұғаз арқылы әлемдегі теңізбен тасымалданатын мұнайдың шамамен төрттен бірі өтеді. Сондықтан кез келген шиеленіс бірден мұнай бағасына, соның салдарынан валюта нарығына ықпал етеді.
«Иран төңірегіндегі жағдай тек аймақтық қақтығыс емес. Бұл – Еуразиядағы экономикалық кеңістік үшін жүріп жатқан ұзақ стратегиялық бәсеке. Мұндай геосаяси шиеленіс мұнай бағасын құбылтып, әлемдік қаржы нарықтарының тұрақтылығына әсер етеді», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Ирандағы жағдай Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасына да әсер етуі мүмкін. Бұл жоба Еуразия арқылы жаңа құрлықтық сауда жолдарын қалыптастыруды көздейді.
«Иран – Қытайдың Еуропаға шығатын құрлықтық дәліздерінің бірі. Сондықтан соққылар тек ирандық режимге емес, Еуразиядағы жаңа логистикалық бағыттарға да бағытталған. Егер бұл инфрақұрылым әлсіресе, Қытайдың Еуропамен сауда байланысына да қысым түседі», – дейді Бобровский.