Референдум күні мыңдаған бақылаушы не байқады

Бүгін, 11:57 / Қайсар Қалам
Сурет: Ұйысдатырушылардан

2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум күні ел аумағында ең ірі қоғамдық бақылау миссияларының бірі жүзеге асырылды. «ДАУЫС» қоғамдық бақылаушылар коалициясы Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі дауыс беру учаскелерінде референдум барысын қоғамдық бақылаумен қамтамасыз етті, деп хабарлайды Arasha.kz. 

Брифинг барысында Коалиция төрағасы Төлеген Күнәділов бақылаушылар жұмысының алдын ала қорытындылары туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, жалпы саны 18 мыңнан астам қоғамдық бақылаушы дауыс беру учаскелерінде жұмыс істеп, дауыс беру рәсімдерінің және қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жүргізді.

Коалиция жұмысы таңғы ерте уақыттан басталды.Коалицияның ахуалдық орталығы мен өңірлік штабтары дауыс беру учаскелері ашылған сәтте, сағат 06:00-де өз жұмысын бастады. Осы уақыттан бастап күні бойы бақылаушылар өңірлік үйлестірушілермен тұрақты байланыста болып, учаскелердегі жағдай туралы ақпаратты жедел түрде ахуалдық орталыққа жолдап отырды. Бұл дауыс беру барысы туралы өзекті мәліметтерді уақытылы алуға, туындаған мәселелерге жедел әрекет етуге және барлық ақпаратты бірыңғай мониторинг жүйесіне тіркеуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар бақылаушылардың алдын ала дайындықтан өткені атап өтілді.

«Бір ай бойы еліміздің барлық өңірлерінде бақылаушыларға арналған жүйелі оқыту жүргізілді.Тренингтер барысында сайлау заңнамасы, бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері, учаскелердің ашылу тәртібі, дауыс беру және дауыстарды санау рәсімдері, сондай-ақ дауыс беру күні туындауы мүмкін түрлі практикалық жағдайлар қарастырылды. Сондықтан біздің бақылаушылар өз жұмыстарын сабырлы, сенімді түрде және белгіленген рәсімдер аясында жүргізді», — деді Төлеген Күнәділов. 

Коалицияның алдын ала бағалауына сәйкес, дауыс беру процесі жалпы алғанда тыныш, ұйымдасқан түрде және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Көптеген учаскелерде бақылаушылар референдум комиссиялары мүшелерінің үйлесімді әрі жауапты жұмысын, белгіленген рәсімдердің сақталуын және бақылаушылармен сындарлы өзара іс-қимылды атап өтті. Бақылаушылар азаматтардың жоғары белсенділігін де тіркеді. Көптеген учаскелерде күні бойы дауыс берушілердің тұрақты легі байқалды.