Пара алғаны үшін сотталған Хаменованың жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды

Бүгін, 16:41 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Пара алғаны үшін сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың түрме мерзімі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

«Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованың түрме мерзімі бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Шешім жас баласының болуына байланысты берілген үш жылдық мерзімді кейінге қалдыру уақыты аяқталғаннан кейін қабылданды. 16 наурызда Атырау қаласының №2 соты пробация қызметінің ұсынысын қарады. Жазаны өтеуді кейінге қалдыру 2026 жылдың 10 наурызына дейін күшінде болды», - делінген сейсенбі күнгі хабарламада.

Пробация қызметінің мәліметінше, Хаменова қоғамдық тәртіпті сақтаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және баланы күтіп-бағу міндеттерін орындаған.

Осы мәліметтерді ескере отырып, сот ұсынысты қанағаттандырды. Жазаның өтелмеген бөлігі дәл сондай мерзімге пробациялық бақылау орнатыла отырып, жеті жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың 10 желтоқсанында Хаменованың жемқорлық күдігімен ұсталғаны белгілі болды – оған Абай ескерткішін орнатуға бөлінген 145 млн теңгелік тендерден 4,5 млн теңге көлемінде пара (откат) алды деген айып тағылды. Ұсталу аясында қазақстандықтар Хаменованың тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты тым асыра мақтау айтқан сөздерін, Астана атауын «Елбасы» деп өзгерту туралы идеясын, сондай-ақ Назарбаевтың мәртебесін Қазақстан Конституциясында бекітуді ұсынғанын еске алды. 12 желтоқсанда Хаменова үй қамағына алынды. Оны үй қамағына алудың бір себебі ретінде жалғызбасты ана мәртебесі аталды. Алайда 23 желтоқсанда шенеуніктің үй қамағы тергеу изоляторында (СИЗО) қамауда ұстауға ауыстырылды.

Тұтқындалғаннан кейін сегіз ай өткен соң Хаменова облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.

2022 жылдың 15 қарашасында Хаменова жеті жылға сотталып, сот залынан босатылған болатын.

Тэгтер:

сот рақымшылық Хаменова